Accessibility links

Қаңтарда оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемнің өліміне байланысты сот: Прокурор айыпталушыға 7 жыл түрме жазасын сұрады


Айкөркем Мелдехан
Айкөркем Мелдехан

Қаңтарда оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемнің өліміне байланысты сотта прокурор айыпталушыны 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. 9 қарашада Алматы гарнизоны әскери сотында бұл іс бойынша жарыссөз өтті. Бұл жөнінде Orda.kz сайты жазды.

Ақпаратқа қарағанда, прокурор Айдос Ақберген айыпталушы әскери қызметкер Арман Жұманды 7 жыл түрмеге кесуді сұраған. Бұл "Билікті асыра пайдалану" (451-бап, 2-бөлігі 1-тармағы) бабы бойынша ең қатал жаза, деп жазды сайт.

Бұған дейін жәбірленуші жақ сот процесінің өту барысына наразы болған. Олар біріншіден, бұл істе бір емес, бірнеше айыпталушы болуға тиіс деп санайды. Екіншіден, оларға "Билік өкілетін асыра пайдалану" емес, "Адам өлтіру" бабы бойынша айып тағылуы тиіс деген.

"Бұл іс бойынша не себепті бес адам куәгер ретінде өтіп отырғанын түсінбеймін, олар Арман Жұманмен қатар айыпталушы орнында отыруы керек еді. [Оқиға кезінде] олар соның жанында болған. Олар ештеңеге қарамастан көлікке оқ ата берген. Бірақ оларға бұйрықты кім берген? Неге бөлім командирі, батальон командирін жазаламайды?" дейді Айдос Мелдехан.

Сотта қорғау жағы айыпталушы Арман Жұманды толық ақтауды сұраған.

Бұған дейін істе "мемлекеттік құпия" мәліметтер бары айтылып, судья сотты жабық еткен еді. Бұған жәбірленуші жақ қарсы болған.

Жуырда Facebook-тегі Qaharman құқық қорғау тобы қазан айының аяғында Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдеханға шабуыл жасалғанын жазған. Ақпаратқа қарағанда, бір ер адам "Айдос Мелдеханға жақындап, оны "Қаңтарда оққа ұшқан қызының өліміне кінәлап, кінәсіз адамды түрмеге отырғызайын деп жатсың" деп айыптап, тілдей бастаған.

"Отбасы мен үшін ең ауыр тақырып. Сондықтан ашуға булығып жақындап едім, ол бірінші болып соққы жасады. Мені өлтіретінін айтып, қоқан-лоқы жасады" деді Айдос Мелдехан Orda.kz сайтына.

Айдос Мелдехан полицияға хабарласқанмен ешкім келмеген деп айтылады.

Былтыр Қаңтардағы жаппай наразылық пен дүрбелең кезінде Айдос Меделханның балалары отырған көлікке әскери қызметкерлер оқ жаудырған. 16 жастағы қызы жараланып, 4 жастағы Айкөркем оққа ұшқан, 8 жастағы ұлы шошынған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG