Accessibility links

Қырғыз тілінде ақпарат тарататын Kloop сайты ашылмай қалды


Қырғызстан аумағында қырғыз тілінде ақпарат тарататын ky.kloop.asia доменінде орналасқан Kloop сайты ашылмай қалды.

Басылымның хабарлауынша, сайт мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігінің шешімі негізінде жабылған. Kloop бұған дәлел ретінде 1 қараша күні Қырғызстан цифрлық даму министрлігіне бағыттаған хаттың көшірмесін жариялаған. Онда редакцияға 30 қазанда Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінен хат түскені жазылған.

"Kloop.kg сайты "Саясаткер Равшан Жиенбеков өзін тергеу абақтысында азаптап жатқанын мәлімдеді" атты материалға байланысты жабылған. "Жалған ақпараттан қорғау туралы" заңға сәйкес, сайттың иесі сайт жұмысы тоқтатылған кезеңде жаңа сайт немесе сайттың жаңа парақшасын ашуға құқығы жоқ. Жоғарыда көрсетілген министрліктің айтқаны негізінде министрлік ky.kloop.asia сайтының қызметін тоқтатуды сұрайды" деп жазылған мәдениет министрлігінің хатында.

Қырғызстанның мемлекеттік органдары бұған түсініктеме бермеді.

Қыркүйек айында қырғыз интернет-провайдерлері орыс тіліндегі Kloop.kg сайтын жапқан. Редакция өкілдері "Клооп Медиа" материалдарын сайттың көшірме-нұсқасынан, басылымның әлеуметтік желідегі парақшаларынан немесе VPN көмегімен оқуға болатынын мәлімдеген.

Оның алдында тамызда Бішкек прокуратурасы "Клооп Медиа" қоғамдық қорын тарату туралы сотқа шағым түсірген. Ведомствоның хабарлауынша, Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) тексеру нәтижесінде Kloop Media-ның материалдары "қазіргі биліктің саясатын қатаң сынауға бағытталған", басым бөлігі "мемлекеттік және жергілікті билік органдарының өкілдерінің беделіне нұқсан келтіруге бағытталған теріс сипатта" деп тұжырым жасаған.

Басылым прокуратураның мәлімдемесін "Қырғызстандағы сөз бостандығына бұрын-соңды болмаған қысым" деп атады.

Халықаралық "Журналистерді қорғау комитеті" (CPJ), Human Rights Watch (HRW) және Қырғызстанның медиа қауымдастығы билікті "Клооп Медиаға" қарсы шағымды қайтаруға үндеді. Бұған қоса, бірқатар халықаралық құқық қорғау ұйымдары Еуроодақты Қырғызстандағы Kloop.kg сайтының қудалануына назар аударуға шақырды.

Қазақстанда тәуелсіз Kloop.kg сайты 2014 жылдан бері жабық. Редакция материалдарды өшіру туралы Қазақстан билігінің талаптарын орындаудан бас тартқан.

XS
SM
MD
LG