Accessibility links

ІІМ бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев ұсталғанын растады


Қуандық Бишімбаев
Қуандық Бишімбаев

Ішкі істер министрлігі бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев ұсталғанын растады.

"Ол ұсталды, қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Қалған жайттарға түсініктеме бере алмаймын. Жұмыс барысында қосымша ақпарат беріледі" деді ішкі істер вице-министрі Сәкен Сәрсенов 10 қарашада журналистерге.

Бір күн бұрын Астана полициясы "қаладағы мейрамханалардың бірінде келушілер арасында жанжал болып, салдарынан әйелдің дене жарақатынан қайтыс болғанын" хабарлаған.

"Күдікті ұсталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Оқиға орнында полиция департаменті мен Есіл аудандық полиция бөлімінің жедел-тергеу топтары жұмыс істеп жатыр. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр" деген еді полиция.

Жергілікті ақпарат құралдары ұсталған адамның бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев екенін жазған.

ҚазТАГ агенттігі дереккөзге сүйене отырып, Бишімбаев "әйелін өлімші етіп сабады" деген күдікке ілініп ұсталғанын жазды. Агенттіктің жазуынша, 1992 жылы туған әйел "Бау" мейрамханасында жедел жәрдем көлігі келгенге дейін көз жұмған.

Қуандық Бишімбаевтың өкілдері мен туыстары қандай да бір мәлімдеме жасаған жоқ.

Бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев 2018 жылы наурызда жемқорлық айыбымен 10 жылға сотталған. Тергеу оны "Байтерек" ұлттық холдингін басқарып тұрғанда Қызылордадағы әйнек зауытына бөлінген қаржыдан бір миллиард теңге жымқырған деп айыптаған. 2018 жылы қазанда ол шартты жазамен босап шыққан.

Кейінгі уақытта Бишімбаев үкіметтің елдегі экономикалық шешімдеріне пікір білдіріп бірді-екілі басылым беттерінен көрінген еді.

Ол жемқорлық айыбына ілінбей тұрып, яғни, 2017 жылға дейін мемлекеттік аппаратта лауазымды қызметтер атқарды. Елдің сол уақыттағы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көмекшісі де болған. "Болашақ" бағдарламасымен шетелде оқыған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG