Accessibility links

Белсенді Назым Табылдиеваның соты: Жұрт залға сыймады, сотқа арнайы жасақ әкелінді. Прокурор белсендіге жаза сұрады


Назым Табылдиеваның ісі бойынша үкім оқылатын сот ғимаратына арнайы жасақ әкелінді. Алматы, 10 қараша 2023 жыл.
Назым Табылдиеваның ісі бойынша үкім оқылатын сот ғимаратына арнайы жасақ әкелінді. Алматы, 10 қараша 2023 жыл.

Алматының Бостандық аудандық сотында 10 қарашада түстен кейін белсенді Назым Табылдиеваның соты жалғасты.

Соңғы сот отырысында судья сот тергеуін қайта бастап, сарапшыны шақырған. Осылайша бүгін, 10 қарашада жарыссөз қайта басталды.

Прокурор Ақжол Мұқаш белсенді Назым Табылдиеваны кінәлі деп танып, 1,5 жылға (бір жыл алты ай) бас бостандығынан айыруды сұрады.

– Жиынтық негізінде түпкілікті бір жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, жазасын өтеуді қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесіне тағайындауды сұраймын. Қылмыстық кодекстің 54 бабының талаптарына сәйкес, Табылдиеваға қоғамдық-саяси қызметпен және әлеуемттік желіде публицистикалық қызметпен айналысуға 5 жыл мерзімде тыйым салуды сұраймын, - деді прокурор 10 қараша күні өткен жарыссөзде.

Белсендіге әлеуметтік желідегі пікірлері үшін «жалған ақпарат таратты» және «билік өкілін қорлады» деген айып тағылған.

Белсенді айыппен келіспейді. Ол істі өзінің белсенділігімен байланыстырады.

Жалғас Сапарханова және белсенді Назым Табылдиева (сол жақта). Алматы, 19 қазан 2023 жыл.
Жалғас Сапарханова және белсенді Назым Табылдиева (сол жақта). Алматы, 19 қазан 2023 жыл.

Оқиға орнында жүрген Азаттық тілшісінің хабарлауынша, бастапқыда полиция сотқа қатысуға келген жұртты "орын жетпейді" деп сот залына кіргізбеген. Белсендінің жақтастары бұған наразы болды.

Жұрт талабынан кейін сот қызметкерлері залға қосымша орындықтар әкеліп, “залға адам сыйғанша кіргіземіз” деген.

Сотқа арнайы жасақ та әкелінген. Олар іште сот залына баратын жолды жауып тұр.

Қылмыстық іске белсендінің Facebook желісінде Қазақстан билігін, прокуратура және ҰҚК өкілдерін сынап жазған жазбалары түрткі болған.

Тергеу болжамынша, ол жазбаларында прокуратура өкілдерін "қарабет" және "сұмырай парақорлар" деп атаған. Бұған дейін істе жәбірленуші танылған прокуратура өкілдері белсендінің жазбасы "намыстарына тигенін" айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG