Accessibility links

Қырғызстанның Конституциялық соты "анасының тегін алу" құқығын алып тастады


Қырғызстанның Конституциялық соты құжаттар рәсімдеген кезде "әкесі" деген графаға анасының тегін пайдалануға тыйым салды. Осылайша Конституциялық сот кәмелетке толғандарға құжатына әкесінің немесе анасының аты-жөнін жазуға рұқсат беретін 30 маусым күнгі шешімінің күшін жойды.

Конституциялық сот биыл 30 маусымда белсенді Алтын Қапалованың "Азаматтық хал-жағдайлары актілері жөніндегі" заңның талапқа жауап беруі тексерілсін деген арызына қатысты шешім шығарған. Алтын Қапалова балаларының әкесі оларды өсіруге қатыспағандықтан балаларының құжаттарына оның аты-жөнінің орнына өзінің тегін жазғысы келген. Сол кезде сот бала 18 жасқа толғанда құжатқа кімнің атын жазатынын өзі шешеді деген шешім шығарған еді.

Конституциялық соттың қараша айындағы шешімінде соттың алдыңғы ұстанымы "қырғыз елінің салт-дәстүр, әдеп-ғұрыптарына дау келтірген теріс көрініс ретінде қабылданғанғаны" жазылған.

Дегенмен заңгерлер Қырғызстан Конституциясы Конституциялық соттың шешімін жоюға немесе қайта қарауға тыйым салатынын айтады.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, жергілікті құқық қорғаушылар "аналық институтына" рұқсат берілгенін қалайды. "Сезім" дағдарыс орталығының жетекшісі Бибісара Рысқұлованың айтуынша, жылына орталықтың көмегіне 1,5 мың әйел жүгінеді, басым бөлігі – көп балалы аналар. Әйелдер мен балалар отбасындағы ер адамдардан зорлық көрген. Рысқұлованың айтуынша, олардың арасында балаларының құжаттарынан күйеуінің аты-жөнін алып тастағысы келетіндер көп.

XS
SM
MD
LG