Украина үкіметі Киев пен өзге қалаларда ақын Александр Пушкин және басқа да Ресей және совет қайраткерлерлеріне орнатылған ескерткіштерді бұзуға рұқсат берді. Бұл жөнінде Украина мәдениет және ақпараттық саясаты министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Украина министрлер кабинетінің шешіміне сәйкес, аталған ескерткіштер жылжымайтын мәдени және ұлттық мұра жөніндегі мемлекеттік реестрінен алынған. Енді жергілікті билік осы ескерткіштерді бұзуы мүмкін.
Украина үкіметінің шешіміне сәйкес, төмендегі ескерткіштер бұзылуы мүмкін:
- Киев, Одесса, Житомир және Харьковтағы Пушкин ескерткіштері;
- Киевтегі Щорс ескерткіші;
- Одессадағы князь Воронцов ескерткіші;
- Одесса облысы Измаилдегі қолбасшы Суворов ескерткіші
- Херсондағы адмирал Ушаковқа арналған ескерткіш.
Бұдан бөлек, Киевтегі "Таращанец" және Ужгородтағы "Украина азат етушілерге" атты мемориалдық кешенді де алып тастауға рұқсат берген. Одан бөлек, Киев билігі қала орталығындағы совет генералы Ватутиннің қабірін де алып тастай алады.
Ресей Украинаға басып кіргелі бері Украинада Ресей немесе совет одағымен байланысты елді мекен және көше атауларынан арылу процесі жүріп жатыр, ескерткіштер мен мемориал тақталары бұзылып жатыр.
Наурызда жоғарғы рада елді мекендерге Ресеймен байланысты атау жіберуге тыйым салатын заң қабылдаған.