Accessibility links

Астана соты: Экс-министр Қуандық Бишімбаев екі айға қамалды


Қуандық Бишімбаев.
Қуандық Бишімбаев.

Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев екі айға қамалды. Бұл жөнінде Астана қалалық соты хабарлады.

"11 қарашада Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Қуандық Бишімбаевты екі айға қамауға рұқсат берді" деп жазылған сот хабарламасында. Сот тергеу құпиялығын алға тартып, өзге мәлімет жарияламады.

Бұған дейін Астана полициясы "қаладағы мейрамханалардың бірінде келушілер арасында жанжал болып, салдарынан әйелдің дене жарақатынан қайтыс болғанын" хабарлаған. Кейін полиция аталған оқиғаны "Адам өлтіру" бабы бойынша тергеп жатқанын хабарлаған.

Қазақстандық БАҚ-тың жазуынша, қаза болған әйел Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова. Ол 31 жаста болған. Ақпаратқа қарағанда, Қуандық Бишімбаев әйелінің өліміне қатысты ұсталған. Осыған дейін ҚазТАГ агенттігі дереккөзге сүйене отырып, Бишімбаев "әйелін өлімші етіп сабады" деген күдікке ілінгенін жазған.

Астанада әйел ауыр соққыдан көз жұмды. Күдікті – экс-министр Бишімбаев
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:29 0:00

Бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев 2018 жылы наурызда жемқорлық айыбымен 10 жылға сотталған. Тергеу оны "Байтерек" ұлттық холдингін басқарып тұрғанда Қызылордадағы әйнек зауытына бөлінген қаржыдан бір миллиард теңге жымқырған деп айыптаған. 2018 жылы қазанда ол шартты жазамен босап шыққан.

Кейінгі уақытта Бишімбаев үкіметтің елдегі экономикалық шешімдеріне пікір білдіріп бірді-екілі басылым беттерінен көрінген еді.

Ол жемқорлық айыбына ілінбей тұрып, яғни, 2017 жылға дейін мемлекеттік аппаратта лауазымды қызметтер атқарды. Елдің сол уақыттағы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көмекшісі де болған. "Болашақ" бағдарламасымен шетелде оқыған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG