Өзбекстанда Самарқан облысы Кәттақорған ауданының соты "президентке тіл тигізді" (158-бап, 3-бөлігі) деп айыпталған 19 жастағы жігіт Дильшод Ескендіровті 2.5 жылға бас бостандығынан айырды.
Іс материалдарына қарағанда жазда Ресейде жұмыс істеп жүрген кезде Ескендіров Инстаграмда президент Шавкат Мирзияевтің отбасы туралы видеоның астына комментарий қалдырып, "Шавкат Мирзияев сенің ұрпақтарыңа жетсін..." деп жазып кеткен. Кейін Ескендіров оны жойған.
Өзбекстан әділет министрлігі жанындағы сот сараптама орталығы Дильшод Ескендіровтің жазған пікірінде "президенттің намысына тиетін сөз бар" деген қорытынды жасаған.
2022 жылы қарашада Дильшод Ескендіров Ресейдің Владивосток қаласына жұмыс іздеп барған. Биыл тамызда Өзбекстанға оралған кезде интернеттегі пікірі үшін өзіне қарсы қылмыстық іс қозғалғанын естіген.
Сотта Ескендіров тағылған айыпты мойындаған. "Ол Шавкат Мирзияевтің саясатына қарсы емес екенінін, тек жастықтың буымен және көп нәрсені түсінбегендіктен президенттің намысына тиетін сөздер айтқан" деп жазылған сот үкімінде. Сот сонымен бірге оның Инстаграм парақшасын жабуды бұйырған.
2022 жылы қаңтарда Өзбекстанда сот Телеграмдағы "Қоқан метан газ" тобында Ферғанадағы газ тапшылығы мәселесіне шағымданған 27 жастағы Өткірбек Собыровты 3 жылға бостандығынан айырған еді.
"2022 жылдың 27 қаңтарында Собыров табиғи газ бен электр қуатын берудегі үзілістерге байланысты елімізде жүргізіліп жатқан саясатқа көңілі толмайтынын айтып, Өзбекстан басшысын биліктен кетіру қажеттігін алға тартып, сол арқылы заңды түрде сайланған президентті биліктен кетіруге ашық түрде шақырды" деп жазылған сот үкімінде.
Өзбекстан Қылмыстық кодексінің 158-бабының 3-бөлігі ("Өзбекстан Республикасы президентін жария түрде қорлау немесе жала жабу, сол сияқты баспасөз немесе өзге де бұқаралық ақпарат құралдарын, телекоммуникация желілерін немесе интернетті пайдалану") бойынша үш жылға дейін түзеу жұмыстарына немесе екі жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
«Өзбекстан Республикасы Президенті қызметінің негізгі кепілдіктері туралы» Заңның 4-бабына сәйкес, президенттің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіруге жол берілмейді және ол заң бойынша жауапкершілікке тартылады.