Accessibility links

Чехияда Ресейдің Украинадағы басқыншылығын қолдағандарға шамамен 400 іс қозғалған


Чехиядағы Германия елшілігі алдындағы акция. Белсенділер елшілік алдына "жалаңаш Путиннің" мүсінін және "Солтүстік ағын 2" деген жазуы бар темір құбырды әкеліп, оны балғамен қиратты. Прага, 27 қаңтар, 2022 жыл.
Чехиядағы Германия елшілігі алдындағы акция. Белсенділер елшілік алдына "жалаңаш Путиннің" мүсінін және "Солтүстік ағын 2" деген жазуы бар темір құбырды әкеліп, оны балғамен қиратты. Прага, 27 қаңтар, 2022 жыл.

Чехияда Ресейдің Украинадағы басқыншылығын қолдағандарға 384 қылмыстық іс қозғалған. Бұл жөнінде Чехия полициясының баспасөз хатшысы Ондрей Моравчик мәлімдеді.

"384 іс – бұл бізге кезіккен жайттардың саны. Кейбірі нақты бір тұлғаға қатысты айыптау кезеңіне өтті. Ондай 99 оқиға тіркелді. Бұлардың ішінде аяқталған істер де бар" деді ол.

Оның сөзінше, 121 іс - "террористік ұйым немесе қозғалысты қолдаудың өзге формаларын қолдаумен байланысты". Кейбірі "адамның құқығы мен еркіндігін тұншықтыруға бағытталған" әрекетті қолдауға қатысты қозғалған.

Чехия бас прокуроры Игорь Стржиждің айтуынша, Украинадағы Ресей басқыншылығын қолдау істері екі бап бойынша қарастырылуы мүмкін – "қылмысты мақұлдау" және "геноцидті жоққа шығару, мақұлдау және ақтау" баптары.

"Егер әлдекім көптің көзінше, айталық демонстрацияда, интернетте немесе әлеуметтік желіде Ресейдің Украинадағы шабуылдарын мақұлдаса немесе қолдаса немесе осы тұрғыдан алғанда Ресейдің өкілдерін мадақтаса, ол да қылмыстық жауапкершілікке тартылу мүмкін" деді ол.

Чехия полициясы сонымен бірге Израильдің ХАМАС-пен соғысына қатысты заңбұзушылықтарды да қадағалап отыр. Моравчиктің айтуынша, әзірге ол қақтығысқа байланысты арнайы статистика жүргізіліп жатқан жоқ. Дегенмен полиция "антисемиттік мазмұндағы" 14 экстремизм ісін тіркеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG