Accessibility links

Костенко шахтасындағы апатта зардап шеккен тоғыз адам әлі ауруханада жатыр


Костенко шахтасы
Костенко шахтасы

Қарағанды облысындағы ауруханаларда Костенко атындағы шахтадағы жарылыста зардап шеккен тоғыз шахтер әлі емделіп жатыр.

— Газдан уланған тоғыз адам әлі емделіп жатыр, дәрігерлердің бақылауында. Жағдайлары орташа және бірқалыпты. Басқа зардап шеккен шахтерлер үйлеріне шығарылды, - деп хабарлады Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасы Азаттыққа.

28 қазанда Қарағанды облысындағы Костенко шахтасындағы жарылыстар 46 шахтер қаза тауып, 18 адам жараланған еді.

Биліктің мәліметінше, Костенко шахтасында көмір қазу тоқтап тұр. Мамандар шахтада қайта жұмыс бастау үшін кемі екі ай керек деп есептейді. Ал "АрселорМиттал Теміртаудың" шахтерлері Азаттыққа компанияның кейбір шахтасында жұмыс тоқтап тұрғанын, көмір қазу жоспарының көлемі азайғанын айтады. Жұмысшылар бұл жағдай олардың жалақысына әсер ете ме деп алаңдайды.

— Костенко шахтасындағы апаттан соң көмір өндіру азайды. Біздің шахтаға жұмысы тоқтаған мекемелерден шахтерлер келе бастады. Бұл жағдай жалақыға әсер етпейді дейді. Бірақ күмән бар, себебі шахтерлердің жалақысы көмір өндіруге және жоспардың орындалуына тікелей байланысты. Уақыт көрсетеді, бірақ адамдар алаңдаулы, - дейді атын атағысы келмеген шахтер Азаттыққа.

Қарағанды облысы әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Азаттыққа АМТ компаниясының облыстағы сегіз шахтасының төртеуі ғана толық жұмыс істеп жатқанын растады. Әкім жаңа инвестердің келуі жұмысшылардың жалақысына әсер етпейді деп сендірді.

Бөлекпаев жұмысшылардың қауіпіне қатысты Азаттық сұрағына "Шахта жабылады деген сөз жоқ. Көмір өндіру көлемі азаюы мүмкін. Ленин, Қазақстан, Костенко шахтасындағы апаттан соң көмір өндіру көлемі қайта қарастырылар. Қазір нақты деректі айту қиын. Бірақ бізде АМТ компаниясының сегіз шахтасынан бөлек көмір ашық қазылып жатқан 13 жер бар, солар арқылы жоспарды толық орындауға болар" деп жауап берді.

Азаттықтың "компания иесі ауысқан соң жұмыста жүріп мүгедек болып қалғандарға кім көмек көрсетеді?" деген сауалына әкім "Қазіргі заңға сай, көмек ретінде оларға өтемақы төленеді, қазіргі жағдай – осы" деді.

Бөлекпаев сенбідегі брифингте Костенко шахтасында қаза тапқан 46 шахтердің отбасына мемлекет материалдық көмек көрсететінін айтты. Оның сөзінше, 41 отбасына он жыл көлеміндегі еңбекақы берілген. Азаттықтың әзірге бұл ақпаратты марқұмдардың жақындарынан растауға мүмкіндігі болмады.

"Компания марқұмдардың отбасына пәтер алып беруі тиіс" деді әкім.

АМТ компаниясы Костенко шахтасы жұмысшыларының "жалақысы азаймайды" дей келе "Басқа жұмыс орындарына жіберілген жұмысшылардың жалақысы атқарылған жұмыс негізінде, бірақ негізгі жұмысындағы орташа жалақы көлемінен төмен болмайды" деп мәлімдеді.

АМТ компаниясының "Қорғау" кәсіподағы "келісімдегі шарттардың бәрі сақталады, жұмысшылардың жұмыс жағдайы нашарламайды" дейді.

Костенко шахтасындағы апаттан соң Қазақстан билігі кен орындарын үндістандық миллиардер Лакшми Митталдан алатынын мәлімдеген.

Лакшми Миттал кім?
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:04:54 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG