Accessibility links

Украина парламентінің экс-депутаты "мемлекетке опасыздық жасады" деген айыппен сырттай 14 жылға сотталды


Украина Жоғарғы радасының бұрынғы депутаты Илья Кива
Украина Жоғарғы радасының бұрынғы депутаты Илья Кива

Львов аудандық соты 13 қарашада Украина Жоғарғы радасының бұрынғы депутаты, президенттікке кандидат болған Илья Киваны 14 жылға бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу туралы сырттай үкім шығарды. Ол "мемлекетке опасыздық жасады", "жұртты конституциялық құрылымды өзгертуге шақырды", "агрессиялық соғысқа үндеді" және "коммунистік символдарды көпшілік алдында қолданды" деген айыппен кінәлі деп танылды.

Украина ішкі істер министрінің кеңесшісі және милиционер болған Кива Украинаның шығысында Киев жағында соғысқа қатысқан. Ол Полтава облысында Ресейде тыйым салынған "Оңшыл сектордың" аймақтық бөлімін басқарды. 2014 жылы Украина президенті сайлауына кандидат ретінде қатысып, 0,03 пайыз дауыс жинады. Ол Украина билігі ресейшіл деп атайтын "Оппозициялық платформа – Өмір үшін" ("Опозиційна платформа – За життя") партиясынан Жоғарғы рада депутаты болып сайланды.

Саясаткердің үстінен қылмыстық іс 2022 жылы наурыздың басында, Ресейдің Украинаға басқыншылығынан кейін қозғалды. Депутат оған дейін Ресейдің мемлекеттік телеарналарынан эфирге жиі шығып жүрді, Испанияда тұрды. Кейін ол Украина билігін «мені ұрлап әкетпек болды» деп айыптап, Мәскеуден саяси баспана сұрады. Украина билігінің мәліметінше, қазір ол Ресейде тұрып жатыр.

Бұған дейін Украинада ресейшіл "Оппозициялық платформа – Өмір үшін" партиясының бұрынғы бірқатар депутатына "мемлекетке опасыздық жасады" деген айып тағылған. 2022 жылғы 24 ақпанда Ресей армиясы Украинаға басып кірген соң партияның саяси кеңесінің төрағасы Виктор Медведчук тұтқындалып, кейін Киев оны Ресей тұтқынындағы украин жауынгерлеріне айырбастады.

Биыл қыркүйекте Украина соты алтыншы шақырылымдағы Жоғарғы рада депутаты Нестор Шуфричті тұтқындаған. Шілдеде Киевте үшінші шақырылымның бұрынғы депутаты Александр Пономарев қамауға алынды. Тамыздың басында "Оппозициялық платформа – Өмір үшін" партиясының тағы бір экс-депутаты Вадим Рабинович "мемлекетке опасыздық жасады" деген күдікпен сырттай қамауға алынды. Украина соты 2022 жылдың жазында ресейшіл партияның жұмысына тыйым салған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG