Accessibility links

Әкімдік 20 млн теңгеге Тоқаев туралы кітап алу конкурсын "техникалық қателік" дейді


Абай облысы әкімдігі
Абай облысы әкімдігі

Абай облысының қоғамдық даму басқармасы медиадағы ақпараттан соң президент Қасым-Жомарт Тоқаев туралы кітапты сатып алу бойынша конкурсты "техникалық қателік" деп атап, байқаудың болмайтынын мәлімдеді.

7 қарашада басқарма мемлекеттік сатып алу порталында Мәскеудегі "Молодая гвардия" баспасынан шыққан орыс тіліндегі "Жизнь замечательных людей: Биография продолжается..." ("Ғажап адамдардың өмірі: Биография жалғасады...") кітабының 2900 данасын сатып алу бойынша конкурс жариялаған еді.

Informburo.kz сайтының жазуынша, басқарма кітаптың мұқабасында президент Тоқаевтың суреті болуы керек деген талап қойған. Лоттың жоспардағы сомасы 20 млн теңге (43 мың доллар) болған.

Конкурс құжатында "тарихи-деректі кітап көрнекі саясаткердің, мемлекеттік қайраткердің және дипломаттың өмірі мен ісіне арналуы тиіс" деп жазылған.

Конкурстың техникалық сипаттамасында "Кітап 1920 жылдан бастап біздің заманымызға дейінгі уақытты қамтиды. Оқырман мына негізгі оқиғалармен таныса алады: соғыстың алдындағы уақыт және Ұлы отан соғысы, отбасы, мектептегі білімі және 1960-70 жылдарда Алматыда білім алуы, ТМД-ның белді оқу орнында оқуы, дипломатиялық мисссиялары, жоғары қызметтері (СІМ, үкімет, сенат) және БҰҰ-дағы қызметі, 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы, геосаяси турбуленттер, "Әділетті Қазақстан" саясаты" деп жазылған.

Informburo.kz ресейлік баспаның сайтындағы каталогта мұндай кітап жоғын байқаған.

ProTenge телеграм-каналы кітап 2023 жылы шығуы мүмкін деп топшылайды. "Баспаның сайтында мұндай кітап жоқ. Біз кітап туралы ақпаратты университеттерге арналған кітапхананың сайтынан таптық. Демек кітап аз данамен шыққан болуы мүмкін" деп жазады ProTenge.

Абай облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Садырбаевпен байланысу мүмкін болмады. Ал басқарма телеграм-каналында "мұндай кітап сатып алу жоспарламағанын" жазды.

"Бұл басқарманың техникалық қызметкерінің қателігі екенін хабарлаймыз. Байқау тоқтатылды. Жауапты адамды жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қабылданды" деп жазды басқарма.

"ЖЗЛ" сериясымен бұған дейін Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы кітап шыққан. Назарбаев туралы кітап ол билік құрып тұрғанда Мәскеуде басылған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG