Accessibility links

Британия комитеті: Лондон ОА елдеріне жемқорлықпен күресте, Ресейге тәуелділіктен арылуға көмектесуі керек


Лондон қаласы.
Лондон қаласы.

Ұлыбритания парламентінің сыртқы істер комитеті 14 қарашада жариялаған есебінде "Британия үкіметі коррупциямен күресте және Ресейдің санкцияны айналып өтуіне тосқауыл қою үшін Орталық Азия елдерімен бірігіп жұмыс істеу керек" деп мәлімдеді.

Комитеттің "Жол ортада елдер: Британияның Орталық Азиямен байланысы" есебінде "Ұлыбритания – Орталық Азиядағы элитаның жемқорлық арқылы алып шыққан капиталдарын апаратын негізгі жер" болып кеткені айтылады. Бұған қоса комитет, Британиядағы қаржылық қылмыспен күрестің әлсіздігінен жемқорлыққа тосқауыл қою дұрыс жүрмей жатқан да сынға алады.

Комитет "Британиядағы агенттіктердің ресурсы олар тергеп жатқан байлардан аз" дей келе үкіметті құқық қорғау органдарына, Ұлыбританияның қылмыспен күрес агенттігі (NCA) және Алаяқтықпен күрес басқармасына (SFO) бөлінетін ресурсты арттыруға шақырады.

Есепте NCA Орталық Азия елдеріне агенттерін жіберіп, "шығу тегі белгісіз байлықтарды" (UWO) анықтау, Британиядан ұрланған активтерді қайтару бойынша жұмыс істеуі керегі айтылады. Комитет Орталық Азиядағы элита мен қылмыстық топтардың есірткі саудасынан тапқан пайдасы Лондон арқылы өтетін де жазады.

Құжатта "Ресейдің санкцияларды Орталық Азия елдері арқылы айналып өтуі Ресейдің басқыншылығына халықаралық қауымдастық қабылдаған шараларға қауіп төндіреді" дейді.

Комитет Ұлыбритания үкіметі Орталық Азия елдерінің Ресейге тәуелділігін азайту үшін аймақтағы бес елмен бірге жұмыс істеуі керек деп санайды.

Британия парламентіндегі комитет Ресейдің Орталық Азия жайлы дезинформациялары қауіпті екенін, "Ресейдің таратқан ақпараттары Орталық Азия елдерінің тәуелсіздігіне қауіп төндіретін" айтады.

Бұған қоса комитет "Ресейдің Орталық Азиядағы ықпалының нашарлағанын Қытай пайдаланып жатыр" деп санайды.

"Қытай бақылау технологияларын ұсына бастады, бұл алда азаматтардың құқығын шектеуге қолданылуы мүмкін" дейді есепте.

Британия парламенті сыртқы істер комитетінің жетекшісі Алисия Кернс "Ұлыбритания ұзақ уақыт бойы Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасты назардан тыс қалдырып келгенін" айта келе "біздің Орталық Азия елдеріне ұсынарымыз бар" деді. Ол Лондонның Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасқа жоғары лауазымды министрлердің бәрі қатысып, премьердің өзі аймаққа баруы керек деп санайды.

"Ұлыбритания мен Орталық Азия елдерінің қатынасындағы ең үлкен мәселе – клептократиялық автократияның қаржылық қылмысымен дұрыс күрес жүргізе алмай келеміз. Біз үнсіз қалу арқылы бұл қылмыстың қатысушысы болып отырмыз. Орталық Азия елдерінің элитасындағы адамдардың байлығы біздің құқық қорғау органдарының бюджетінен көп" дейді ол.

Кернс Ұлыбритания Орталық Азия елдерінің биліктері адам құқығын бұзып жатқанына да назар аудару керек деп санайды.

"Біз аймақтағы адамдардың өмірін жақсартуға, демократияны қорғауға назар аударуымыз қажет" дейді комитет жетекшісі.

Комитеттің бұл есебіне Ұлыбритания үкіметі екі айдың ішінде жауап беруі тиіс.

Бұған дейін түрлі зерттеулерде Қазақстандағы элитаның және Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жақындарының Лондонда үйлері бар екені анықталған.

Мәселен, Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева мен оның ұлы Нұрәли Әлиевтің 2008-2010 жылдары офшорлар арқылы Лондонның Дэнвуд роуд көшесіндегі зәулім үйді, Bishops Avenue-дағы (Бишопс-авеню) зәулім сарай мен Manresa Road (Манреса-роуд) көшесіндегі үйге британ құқық қорғаушыларының көзі түскен.

2019 жылы мамырда Ұлыбританияның қылмыспен күрес агенттігі (NCA) Лондондағы Дариға Назарбаеваның бұрынғы күйеуі және Нұрәли Әлиевтің әкесі Рахат Әлиев қылмыс жолымен тапқан ақшаны жасыру мақсатында алған” деп күдіктеніп, "шығу төркіні белгісіз байлық" ордері негізінде бұғаттаған.

2020 жылы өткен сот процесі кезінде Назарбаева мен оның Қазақстанда түрлі лауазымды міндеттер атқарған ұлы Нұрәли Әлиев өз мүліктерін сот арқылы қорғап қалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG