Accessibility links

Оралда шенеунікке спорт кілемшесін сыйлаған йога жаттықтырушысы жауапкершіліктен босатылды


Йога жаттықтырушысы Маргарита Булдакова сотта. Сол жағында - адвокат, сол жағында - жемқорлыққа қарсы агенттік өкілі. 14 қараша 2023 жыл.
Йога жаттықтырушысы Маргарита Булдакова сотта. Сол жағында - адвокат, сол жағында - жемқорлыққа қарсы агенттік өкілі. 14 қараша 2023 жыл.

14 қарашада Оралдың мамандандырылған әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі әкімшілік сотында йога жаттықтырушысы Маргарита Булдаковаға қозғалған әкімшілік іс бойынша шешім шықты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет шенеунікке йога кілемшесі мен екі пышақты сыйға тартқаны үшін 690 мың теңге (шамамен 1 500 доллар) көлемінде айыппұл салғысы келген. Сот жауапкердің шенеунікке "болмашы" сый бергенін айтып, Булдаковты қылмыстан босатты.

Судья Ботагөз Баймұханова Булдакованы әкімшілік құқықбұзушылық жасады деп танығанмен оны жауапкершіліктен босатуды қаулы етті. Сот "ауызша ескертумен" шектелді. Судьяның айтуынша, сыйлықтың құны – 5 833 теңге (13 долларға жуық).

Жауапкер Маргарита Булдакова "заңсыз сыйлықты" Батыс Қазақстан облысы спорт басқармасының жетекшісі Қаймен Есендияровқа 21 маусымда тапсырған, екі күннен кейін облыстық спорт басқармасының қызметкерлері сыйлықты мемлекеттік мүлік қорына өткізген.

Жарыссөз кезінде прокурор Маута Оразмағамбетова соттан Маргарита Булдакованы жауаптан босатуды өтінді. Шағым түсіруші Батыс Қазақстан облысы бойынша жемқорлыққа қарсы қызмет өкілі Әлия Денизбаева соттан Булдакованы кінәлі деп тануды және "бап рұқсат берген көлемде" жаза тағайындауды сұрады. Заң нормаларына сәйкес, мұндай құқықбұзушылық үшін 690 мың теңге көлемінде айыппұл қарастырылған.

Булдакова мен адвокаты Нұрлыбек Жүсіпәлиев тағылған айыпты толық жоққа шығарады. Олар сотта мұндай сыйлықты шараға қатысқан кез келген адамға берілгенін айтты.

Ақпаратқа қарағанда, тараптар шешімді апелляция бермейді.

XS
SM
MD
LG