Accessibility links

СІМ: Газа секторынан Египетке Қазақстанның 92 азаматы және олардың отбасы мүшелері өтті


Газа секторындағы қазақстандықтарды эвакуациялау туралы ақпарат таратқан Қазақстан СІМ жариялаған сурет. 15 қараша 2023 жыл.
Газа секторындағы қазақстандықтарды эвакуациялау туралы ақпарат таратқан Қазақстан СІМ жариялаған сурет. 15 қараша 2023 жыл.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Газа секторынан "Рафах" бақылау-өткізу пункті арқылы Египет аумағына 92 Қазақстан азаматы және олардың отбасы мүшелері өткенін хабарлады.

"Қазақстандық дипломаттар отандастарымызға барлық қажетті консулдық-құқықтық және психологиялық көмек көрсетті. Шекарадағы рәсімдерден кейін біздің азаматтарымыз колонна құрамында жолға шықты және жақын арада Каир қаласына жетеді" деп жазылған министрлік хабарламасында.

Ведомство "Рафах" бекеті арқылы Қазақстан азаматтарын эвакуациялаудың бірінші кезеңі жүзеге асырылып жатқанын, қазақстандықтарды сектордан шығару ары қарай жалғасатынын айтты.

Бұған дейін Қазақстан сыртқы істер министрлігі Газа секторында 76 қазақстандық (отбасы мүшелерімен қосқанда 161 адам) қалғанын мәлімдеген. Ведомство сол кезде Египет арқылы шығуға шектеулер барын және ХАМАС радикал тобы (АҚШ пен ЕО "террористік ұйым" деп таныған) рұқсат етпегенін алға тартқан.

Өткен аптада министрлік Газа секторында қалған қазақстандықтарды эвакуациялау үшін Израиль және Египет билігімен сөйлескенін хабарлаған.

23 қазанда Қазақстан СІМ Газа секторындағы атыста Қазақстанның бір азаматы және оның 23 жастағы қызы (Палестина азаматы) қаза тапқанын хабарлаған. 11 қазанда Тель-Авивтен арнайы рейспен Алматыға 166 адам (оның 124-і – Қазақстан азаматы) келген.

7 қазанда "ХАМАС" радикал тобы Израильге шабуыл жасап, 200-ден астам адамды кепілдікке алған. Бұған жауап ретінде Израиль армиясы Газа секторында ірі әскери операция бастаған. Содан бері екі жақта мыңдаған адам көз жұмған.

Қазақстан "бұл қақтығысты бейбіт келіссөздермен және дипломатиялық диалогтармен шешуді" ұсынып келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG