Accessibility links

Қазақстан сұйылтылған газды экспорттауға алты айға тыйым салды


Қазақстан сұйылтылған газды көлік және темір жол арқылы тасымалдауға алты айға тыйым салды. Бұл жөнінде энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Министрлік ішкі нарықтағы газ тапшылығына байланысты осындай шектеу енгізіп отыр.

"Сұйылтылған газдың ішкі нарықтағы әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, Қазақстан энергетика министрлігі сұйылтылған газды автомобиль және темір жол арқылы тасымалдауға тыйым салу туралы бұйрық жобасын әзірлеген. Аталған бұйрық жарияланған күннен бастап - 2023 жылдың 14 қарашасынан бастап күшіне енеді" деп хабарлады энергетика министрлігі.

Бұған дейін энергетика министрлігі Қазақстанда сұйылтылған газ тапшы және бұл мәселе жуық арада шешілмейтінін мәлімдеген. Министрліктің айтуынша, кейінгі 9 айда газды тұтыну көлемі 25 пайызға артқан, яғни қазір айына 225-250 мың тонна газ тұтынады. Егер бұл тенденция жалғаса берсе және шара қолданылмаса, газ тапшылығы ушығады.

Оның алдында энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев сұйылтылған газ бағасының өсетінін хабарлаған. Министр "газ бағасы бірден емес, сатылы түрде 110 теңгеге дейін өседі" деген. Сәтқалиевтің сөзінше, қазір отын газасы ішкі нарыққа өз бағасынан төмен — 50-80 теңге аралағында сатылып жатыр.

2022 жылы қаңтарда Жаңаөзенде жұрт сұйылтылған газ бағасының қымбаттауына қарсы наразылық білдіріп, мұны Қазақстанның басқа аймағы да қолдаған. Сұйылтылған газ бағасына қарсылық кейін басқа да әлеуметтік талаптарға ұласқан. Артынша наразылық елде тәртіпсіздікке ұласып, Қаңтар оқиғасы кезінде кемі 238 адам қаза тапты. Кейбір сарапшылар "дағдарысқа қарсы тиімді шара қолдана алмаған билік наразылықтың артуына жол ашып отыр" деп есептейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG