Израиль әскері АҚШ және Еуроодақ елдері "террористік ұйым" деп таныған ХАМАС радикал тобының "Әл-Шифа" ауруханасына бекінген содырларына қарсы операция бастағанын жариялады.
ЦАХАЛ мәліметінше, бейбіт тұрғындар зардап шекпес үшін араб тілін жақсы білетін адамдар мен дәрігерлер командасы операцияға қатысып жатыр. Себебі содырлар бейбіт адамдарда тірі қалған ретінде қолданады.
Al Jazeera телеарнасы тілшісінің оқиға орнынан хабарлауынша, "Әл-Шифа" ауруханасының үлкен ауласында Израиль танктері тұр, ал Израиль сарбаздары аурухананың корпустарының біріне кірген. Мәліметті мұның алдында BBC телеарнасы растаған. Телеарна мәліметінше, аурухана аумағында алты танк және жүзден астам сарбаз жүр. Олар арабша "Қозғалмаңдар!" деп айқайлаған.
Ауруханада атыс болған-болмағаны туралы әзірге мәлімет жоқ.
ХАМАС бақылауындағы Газаның денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Израиль сарбаздары "Әл-Шифа" жертөлелерін тексеріп жатқанын айтты. Израиль билігі аурухана аумағында содырлардың жерасты штабы бар деп есептейді. ХАМАС мұндай мәліметті жоққа шығарып, 650 науқас пен 5 мыңнан астам бейбіт тұрғын аурухананы паналағанын, олар осы жерде қоршауда қалғанын мәлімдеген.
Газадағы ірі ауруханада нақты қанша адам бары әзірге толық белгісіз.
7 қазанда ХАМАС содырлары Израильдің оңтүстігіне шабуылдап, 1200-ге жуық адамды өлтірді, шамамен 240 адамды кепілге алды. Содан кейін Израиль Газа секторында ірі әскери операция бастағанын жариялады. ХАМАС-қа қарасты мекемелердің мәліметінше, операция барысында 11 200-ден астам адам өлген.
ПІКІРЛЕР