Accessibility links

Қаңтарда оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемнің өліміне байланысты сот: Айыпталушы "соңғы сөзін" айтты


Айкөркем Мелдехан
Айкөркем Мелдехан

15 қарашада Алматы гарнизоны әскери сотында Қаңтарда оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемнің өліміне байланысты сотта айыпталушы Арман Жұман "соңғы сөзін" айтты. Бұл жөнінде жәбірленуші жақ Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдеханның сөзіне сүйенген журналист Күлтегін Аспанұлы хабарлап, видеосын жариялады.

"Осы уақытқа дейін кешірім сұрап келмеген адамдар қазір одан [кешірім сұрағаннан] мән де жоқ" деді Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдехан ақпарат құралдарына.

"Демек, бұл бұған дейін тағылған айыптарды мойындаудан бас тартқан бас айыпталушының өз кінәсін мойындағанын білдіре ме?" деген журналист сұрағына Айдос Мелдехан "ол атуға бұйрықты мен берген жоқпын дейді. Бұйрықты бергендер куә болып отырған өзінің солдаттары ғой. Атқан адамдар сотқа тартылған жоқ" деп жауап берді.

Сот үкімі Алматы уақыты бойынша сағат 18.30-да оқылады.

Бұған дейін прокурор айыпталушыны 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Айыпталушы Арман Жұман "Билікті асыра пайдалану" (451-бап, 2-бөлігі 1-тармағы) бабы бойынша айыпталған. Ол өзіне тағылған айыппен келіспейді. Бұған дейін қорғау жағы айыпталушы Арман Жұманды толық ақтауды сұраған.

Осыған дейін жәбірленуші жақ сот процесінің өту барысына наразы болған. Олар біріншіден, бұл істе бір емес, бірнеше айыпталушы болуға тиіс деп санайды. Екіншіден, оларға "Билік өкілетін асыра пайдалану" емес, "Адам өлтіру" бабы бойынша айып тағылуы тиіс деген.

Бұған дейін істе "мемлекеттік құпия" мәліметтер бары айтылып, судья сотты жабық еткен еді. Бұған жәбірленуші жақ қарсы болған.

Қаңтарда оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемнің әкесін полиция ұстап босатты

15 қарашада Алматыда полицияның Айдос Мелдеханды ұстап, босатқаны белгілі болды. Айдос Мелдеханның Азаттыққа айтуынша, ол 8 қарашада құқық қорғаушыларға мәлімдеме жасаған. Полиция оны сол үшін ұстаған.

– Олар кеше (14 қараша - ред.) мені "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша жауапқа тартпақ болды. Бүгін енді қылмыстық жауапкершілікті алып тастап, 456-баппен әкімшілік іске тартпақшы. Адвокатсыз сіздермен сөйлеспеймін дедім" деді Айдос Мелдехан.

Ол 8 қараша күнгі мәлімдемесінде "билік қызы Айкөркемнің өліміне байланысты ашық, объективті тергеу жүргізбегенін, ал сот "мемлекеттік құпияны" алға тартып, сотты жабық өткізіп жатқанына" шағымданған.

Сәрсенбі күні полиция оны ұстағанын растады, алайда Азаттық ұстау себебі жөнінде толымды ақпарат ала алмады.

Былтыр Қаңтардағы жаппай наразылық пен дүрбелең кезінде Айдос Меделханның балалары отырған көлікке әскери қызметкерлер оқ жаудырған. 16 жастағы қызы жараланып, 4 жастағы Айкөркем оққа ұшқан, 8 жастағы ұлы шошынған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG