Accessibility links

Қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрімнің ісі бойынша тергеу бір айға созылды


Думан Мұхаммедкәрім
Думан Мұхаммедкәрім

Қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрімнің ісі бойынша тергеу бір айға созылды. Бұл жөнінде Азаттыққа адвокаты Ғалым Нұрпейісов хабарлады.

“Тергеуші хабарласып, тергеу бір айға созылатынын хабарлады. Себебін түсіндірген жоқ” деді адвокат Ғалым Нұрпейісов 15 қарашада кешке Азаттыққа.

Бұған дейін журналистің ісі бойынша тергеу аяқталғаны хабарланған еді. Адвокатының айтуынша, Думан Мұхаммедкәрім тергеу органдарына жауап беруден бас тартқан.

"Біз жауапты сот кезінде береміз. Себебі тергеу кезінде жауап берсең де, жауап бермесең де айтқандарыңа бәрібір сенбейді" деген еді адвокат.

Адвокат журналистің ісіне БҰҰ-ның Адам құқығы мәселелері жөніндегі жұмыс тобы өкілдері назар аударып отырғанын айтқан. Осыған дейін журналистің өзі де Қазақстан билігіне және құқық қорғаушыларға хат жазып, өзінің ісіне халықаралық құқық қорғау институттарының өкілдерін тартуды талап еткен.

Билікті сынаған журналист Думан Мұхаммедкәрім “тыйым салынған ұйым ісіне араласу” және “экстремизмді қаржыландыру” баптары бойынша күдікке ілінген. Оған мұндай айыптың тағылуына қуғындағы экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты түрткі болған.

Ол маусымнан бері тергеу абақтысында отыр. Адвокаттың айтуынша, жақын арада оның қамау мерзімін созу туралы сот өтуге тиіс.

Қазақстандық құқық қорғаушылар журналисті "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG