Accessibility links

Ресей оппозиционері Владимир Милов сырттай сегіз жылға сотталды


Ресейлік оппозициялық саясаткер Владимир Милов.
Ресейлік оппозициялық саясаткер Владимир Милов.

Ресейде оппозициялық саясаткер, энергетика министрінің бұрынғы орынбасары Владимир Милов "орыс әскері туралы жалған ақпарат таратты" деген айыппен сырттай сегіз жылға сотталды. Бұл жөнінде "Медиазона" сайты хабарлады.

Жарыссөз кезінде прокурор ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйдың жақтасына сырттай тоғыз жыл жаза кесуді сұрады.

"ОВД-Инфо" сайтының жазуынша, сот Миловқа әлеуметтік желіде жазба жариялауға бес жылға тыйым салды.

Саясаткерді қудалауға "Навальный Live" YouTube арнасындағы "Путиннің әскери қылмыстары" деп аталатын үш сағаттық эфир себеп болған. Былтыр наурыздағы эфирде Милов "Ресей әскері Украинадағы бейбіт тұрғындарды өлтіргенін" айтқан.

Жарыссөзде прокурор Милов өзінің видеосында "Арнайы әскери операция (Кремль Украиндағы соғысты осылай атайды) жөнінде жалған пікір туғызды" деді. Айыптау қорытындысында Миловтың Ресей "билігі органдарына және саяси институттарына жек көрініш сезімі бар" делінген. Мұны дәлелдеу үшін 20 қазандағы отырыста прокуратура өкілі судьяға Милов қатысқан мына видеолардың тақырыбын оқыған: "Путинді қолдайтындарды не күтіп тұр?", "Ұяттан қалай арылуға болады?", "Ресей соғысқа қарсы" және "мен Путинді шынжырлы арамен кесер едім".

"Медиазона" хабарлауынша, прокурор сотта Владимир Миловтың Ресейдегі наразылық акцияларына қатысқанын және сол үшін ұсталғанын айтқан.

Милов 2021 жылы Ресейден кетіп қалған. 2022 жылдың жазында оған қарсы іс қозғалды. Ресей әділет министрлігі былтыр мамырда саясаткерді "шетел агенті" тізіміне енгізді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG