Accessibility links

Алматыда полиция Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдеханға "жалған ақпарат таратты" деп хаттама толтырды


Айдос Мелдехан.
Айдос Мелдехан.

Алматы қаласында полиция Қаңтар оқиғасында оқ тиіп қаза тапқан 4 жасар Айкөркем Мелдеханның әкесі Айдос Мелдеханға "жалған ақпарат орналастырды, таратты" деп әкімшілік хаттама толтырған. Бұл туралы Азаттыққа оның адвокаты Ғалым Нұрпейісов хабарлады.

Алматы қаласы Түрксіб ауданы полиция басқармасы 16 қарашада Айдос Мелдеханды шақырып, Әкімшілік кодекстің 456-2 бабы 3 тармағымен (мемлекеттің мүддесін бұзатын жалған ақпарат тарату) қозғалған істің құжаттарымен танысуға шақырған.

Бұл әкімшілік іске Айдос Мелдеханның "полиция шағымымды қарамай қойды" деген видеосы себеп болған. Оның айтуынша, биыл 22 қазанда оған белгісіз біреулер шабуылдаған. Ол осы шабуыл жөнінде полицияға арыз жазғанын, біраз полиция шағымын қарамай, іс қозғамағанын айтады.

Ал учаскелік полицей Айдос Мелдехан өзіне шабуыл жасалғаны туралы ешқандай арыз жазбады, полицияға хабарласпады деген.

- Полиция "Айдос Мелдехан өзі арыз жазбай, бірақ полиция ештеңе істемеді деп айыптап отыр" деп, хаттама толтырған. Енді алдағы күндері сот болып, шешім шығуы тиіс, - дейді адвокат Нұрпейісов.

Мелдехан видеомәлімдемесінде "Қазақстанда құқық қорғау органдарынан пайда жоғын айтып, халықаралық құқық қорғау ұйымдарынан қорғауды, көмектесуді" сұрайды. Ол Қаңтар оқиғасында оққа ұшып қаза тапқан 4 жасар қызы Айкөркемді атқандарды іздеу жолында кедергілер мен қысымдарға тап болғанын да айтады.

15 қарашада Алматы соты Айкөркемнің қазасына күдікті деп танылған әскери Арман Жұманды ақтаған еді. Прокурор соттан Жұманды 7 жылға соттауды сұраған. Бұл істегі жәбірленуші Айдос Мелдехан да, әскери прокуратура да сот үкіміне қатысты шағым түсіретінін айтқан.

"Айкөркемнің аруағын өлтірді". Марқұм бүлдіршіннің отбасы үкімді ауыр қабылдады
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:08 0:00

Арман Жұманның ісіне үкім оқылған күні сот Айдос Мелдеханды "Қауіпті жағдайда қалдыру" бабымен жауапқа тарту туралы бөлек қаулы шығарғаны айтылған. Бұған айыпталушының адвокатының шағымы себеп болған еді.

Былтыр Қаңтар оқиғасы кезінде ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елге "20 мың террорист келді" деп қарулы күштер мен әскерилерге ескертусіз оқ атуға бұйрық берген. Қаңтар кезінде Айдос Мелдеханның балалары отырған көлікке оқ жауған. Оқиға кезінде оның 16 жастағы қызы жараланып, 4 жасар Айкөркем қаза болды. 8 жасар ұлы психологиялық шок алған.

Айкөркемнің қазасына байланысты іс 2022 жылы желтоқсанда "Адам өлтіру" бабымен қозғалып, кейін "Билік өкілетін асыра пайдалану" бабына ауыстырылғаны белгілі болған. Ал биыл қаңтарда Айдос Мелдехан іс "қылмыс құрамы болмағандықтан жабылғанын" хабарлаған еді. Бірақ Айкөркемнің әкесінің шағымынан соң бұл іс қайта жалғасқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG