Газа секторында жүрген Израиль әскері АҚШ пен Еуроодақ елдері "террористік ұйым" деп таныған ХАМАС тобы 7 қазанда ұрлап әкеткен әйелдің мүрдесін тапты. Әскерилердің сөзінше, Беэри кибуцының 65 жастағы тұрғыны Йегудит Вайстың сүйегі "Әл-Шифа" ауруханасының маңындағы ғимараттың бірінде жатқан. Вайстың жұбайын жихадшылар кибуцқа шабуыл жасаған кезде өлтірген.
Марқұм Йегудит Вайсты Израильге жеткізді, оның қалай өлгені туралы әзірге нақты мәлімет жоқ. Израиль ақпарат құралдары үш ай бұрын Йегудит Вайсқа онкология деген диагноз қойылғанын және марқұм сәуле терапиясын алуы керек болғанын жазды.
Израильдің оңтүстігінде ХАМАС шабуылынан 1200 адам қаза болған. Газада ХАМАС тобы кепілге алып кеткен 240 шамалы адам тұтқында отыр, арасында ондаған бала бар.
БАҚ мәліметінше, Израиль билігі мен ХАМАС тұтқын алмасу жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр, бірақ егжей-тегжейлі мәлімет жоқ, келіссөз нақты немен бітетіні де әзірше белгісіз.
The Washington Post басылымы дереккөздерінің мәліметінше, ХАМАС өкілдері Израильмен кемінде 50 шақты әйел мен баланы босату жөнінде алдын ала келіскен. ХАМАС кепілде ұстап отырған адамдардың бір бөлігін босату үшін Израильден Газа секторындағы шабуылды бірнеше күнге тоқтатуды, гуманитарлық көмек алуға мүмкіндік беруді және Израиль түрмелерінде отырған палестиналық әйелдер мен жасөспірімдерді босатуды талап еткен.
Израиль тарабы ХАМАС-пен келісімге келу жөнінде әзірге түпкілікті шешім қабылдаған жоқ.
Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) 7 қазандағы ХАМАС радикал тобының шабуылына соғыс жариялаған. Израиль әскерін бейбіт тұрғындарға қатыгездік көрсетті деп айыптады. ХАМАС тобының бақылауындағы Газаның денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Израиль күштерінің шабуылынан 11 мыңнан астам палестиналық қаза тапқан, көбі — әйелдер мен балалар. Бұл ақпаратты тәуелсіз дереккөзден растау мүмкін болмай отыр.
Израиль әскері азаматтық инфрақұрылым нысандарына жақын орналасқан жихадшылар әскери нысандарына ғана шабуыл жасап жатқанын айтады.
ПІКІРЛЕР