Accessibility links

Ақтауда су мен жылуға жарымағанына наразы адамдар көшедегі жолды жапты


Ақтау қаласы
Ақтау қаласы

16 қарашада кешке Маңғыстау облысының әкімшілік орталығы – Ақтау қаласының 32-шағын ауданындағы тұрғын үй кешенінде тұратын ондаған адам пәтерінде ауыз су мен жылу жоғына наразылық білдіріп, көшедегі жолды жапты. Бұл жөнінде жергілікті "Лада" сайты хабарлады.

Желіде жарияланған видеода жолға шығып тұрған наразы адамдар көрінеді.

Жұрт жолды жапқан соң көліктер өте алмай, кептеліс пайда болған, полиция барған. Тұрғындар наразылық акциясы өтіп жатқан жерге әкімдік пен прокуратура өкілдері барғанын айтты.

Наразылардың сөзінше, олар өздерін толғандырған мәселелер жөнінде бұған дейін жергілікті билік пен тұрғын үй кешенін салған құрылыс компаниясына жүгінген.

Ақтау әкімдігі "шағымнан соң тексеріс жүргізілді, ауыз су құбыры жарылғаны анықталды" деп хабарлады. Билік ол құбыр желісі K7 group жеке құрылыс компаниясының балансында тұрғанын айтты.

"Бұл инженерлік желілер жеке құрылыс компаниясының балансында болғандықтан, қалалық коммуналдық қызметтердің оларға тұрақты мониторинг жүргізуге мүмкіндігі жоқ" деді әкімдік.

Хабарламада су мәселесін қалпына келтіру бойынша мердігердің апат салдарын жою тобымен жұмыс істеп жатқанын айтты.

Ақтау әкімдігі наразы адамдармен түсіндіру жұмысы жүргізілгенін, кейін олар тарқап, жол жүрісі ретке келгенін хабарлады.

Биыл маусым айында Ақтаудың он бір шағын ауданы сусыз қалған еді. "Каспий жылу, су арнасы" коммуналдық кәсіпорны мұның себебін әбден ескірген су құбырларындағы проблемаға байланысты деп түсіндірді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG