Accessibility links

Ақорданың алдына барып, президент Тоқаевтан көмек сұрамақ болған әйелді арнайы жасақ бөгеді


Астана тұрғыны Ләззат Медимова мен қызы Ажар Қазақстан президентінің резиденциясы алдына наразылық акциясына шықты. 17 қараша, 2023 жыл
Астана тұрғыны Ләззат Медимова мен қызы Ажар Қазақстан президентінің резиденциясы алдына наразылық акциясына шықты. 17 қараша, 2023 жыл

17 қарашада Астанада жергілікті тұрғын Ләззат Медимова Қазақстан президентінің резиденциясы – Ақорданың алдына наразылық акциясына шықты. Ол жүрегінде ақауы бар төрт жасар ұлын Италияға емдетуге жіберу үшін жәрдем сұрады. Денсаулық сақтау министрлігі отбасыны квотамен Ресейге жіберген, бірақ үй іші "ондағы клиника жүрек ауруларын қарауға бейімделмеген" деп, барудан бас тартқан.

Ләззат Медимованың айтуынша, баласы Айбек қыркүйектің басында ауырып жатып қалған. Қазір ауруханада емес, үйінде арнайы аппараттың көмегімен тыныс алып жатыр. Анасы ұлының қол-аяғы көгеріп, нәжісі шықпай, қиналып жатқанын айтты.

Айбектің отбасы науқас баланы Ресейге емделуге жіберуді ұйғарған денсаулық сақтау министрлігінің шешіміне наразы. Туыстары Айбекке Ресейдегі дәрігерлер көмектесе алмайды дейді.

"Осындай дертпен ауыратын басқа адамдарды таптық, ресейліктердің өзі Италияда емделіп жатыр. Ресейде Айбекке қажет операцияны істейтін дәрігер жоқ. Мұндай операцияны Еуропада ғана жасайды. Бірақ бізге арзан клиниканы таңдады. "Қазақстан халқына" қоры "квотамен келіспесеңіз, министрлікке қарсы бармаймыз" деп айтты" дейді Айбектің туған әпкесі Ажар.

Ақорда алдына келгендерді полиция бақылап, видеоға түсіріп алды. Әкімдік өкілі шараның "заңсыз" екенін айтты. Оларды Ақорда алдында арнайы жасақ бөгеп, бір сағаттай жібермей тұрды.

Ләззат Медимованың айтуынша, министрлік Айбектің құжатын Үндістан, Беларусь, Түркия, Қытай секілді елдерге жіберген. Бірақ бәрі өтінішті кері қайтарған.

Ләззат Медимованың айтуынша, министрлік Айбектің құжатын Үндістан, Беларусь, Түркия, Қытай секілді елдерге жіберген. Бірақ бәрі өтінішті кері қайтарған.

"Баламның сатурациясы (қан құрамындағы оттегі көлемі – Ред.) төмен, сондықтан бәрі қорқып отыр, арасынан Италия ғана келісті. Бірақ министрлік бізге ол жаққа баруға қаржы бөлмей отыр. Айбектің Италиядағы еміне 45 мың еуро (шамамен 23 миллион теңге) керек. Бұл тек бірінші операцияға ғана, қазір оттегіні көтеру үшін шақырып жатыр. Өкпе мен жүректің арасына пластик салады. Бізде барлық құжаты бар, олармен хабарласып отырмыз", – деді Ләззат Медимова.

Ол Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятты отставкаға жіберуді талап етіп тұр. Айтуынша, науқас баланың отбасы министрлік жауабын екі ай күткен.

"Мені тыңдамаса, Италияға жібермесе осылай шыға берем. Күнде ұйықтар алдында баламмен қоштасамын. Айбек ауруханада жатқан, кейін үйге шығарып жіберді. Қазір ем-дом алып жатқан жоқ, витамин де сұрадым, емханамыз қарамайды", – деді ол.

Ләззат Медимова арбаға таңылған қызы Ажармен бірге блогерлерден көмек сұрады.

"Бұл ауру туа біткен, бірақ туғанында оны дәрігерлер білмей қалған. Төрт жасына дейін білгенде операция жасап құтқаруға болушы еді. Қазір бір емес, төрт операция керек. Бұған дейін тек ОРВИ-мен (жедел респираторлық вирус инфекциясы) ауыратын. Жүрегі ауыстыруға жарамайды", – деді Айбектің әпкесі.

Азаттық науқас баланың мәселесімен денсаулық сақтау министрлігіне хабарласты. Министрліктің баспасөз қызметі "анықтап көрейін" деп жауап берді. Жаңалық шыққанша ведомстводан басқа хабар болмады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG