Accessibility links

Ірі жарнама берушілер антисемиттік жазбаларға байланысты X желісінен кетті


Илон Маск
Илон Маск

X желісінің ірі жарнама берушілері Disney және Apple, сонымен қатар IBM, Warner Bros. Discovery, Paramount, Sony Pictures және Lionsgate антисемиттік жазбаларға байланысты платформадағы жарнамаларын тоқтатты. Бұл жөнінде The Hollywood Reporter жазды.

Бұған дейін Media Matters for America коммерциялық емес ұйымы зерттеу жариялап, онда X желісінде бірнеше ірі компанияның жарнамасы антисемиттік жазбалармен қатар орналасқанын анықтаған. Бұған қоса, жарнама жазбалары Холокосты терістеушілер мен неонацистердің, ЛГБТ-ға қарсы топтардың аккаунттарында да пайда болған.

X желісінің иесі Илон Маск те антисемиттік жазбаларды қолдағаны үшін сынға ұшыраған. Солардың бірі Ақ үй өкілі Эндрю Бейтс мұны "антисемиттік және нәсілшілдік өшпенділіктің жиіркенішті насихаты" деп атады.

X платформасы бастапқыда Илон Масктің жазбасына түсініктеме берген жоқ. Кейін X желісінің бас директоры Линда Яккарино "X компаниясы антисемитизм және алалаумен күреске әрдайым күш салады. Бұған әлемде жол берілмеуі керек – бұл жиіркенішті және дұрыс емес" деп мәлімдеді.

2022 жылы қазанда Маск Twitter желісін сатып алғаннан кейін жарнама берушілер желіден кете бастаған. Желі X деп атала бастады. Желінің иесі контентке модерация жасауды азайтып, құқық қорғаушылардың пікірінше, соның салдарынан платформада қастық сипаттағы жазбалар жиілеген.

XS
SM
MD
LG