Accessibility links

Байден: Путин мен ХАМАС-тан ықпаймыз


Джо Байден
Джо Байден

АҚШ президенті Джо Байден The Washington Post басылымындағы шағын мақаласында Ресей президенті Владимир Путин мен ЕО мен АҚШ-та террористік ұйым танылған палестиндік ХАМАС тобының әрекеттерін қатар қоюға тырысқан. АҚШ президентінің айтынша, екеуінің соғысу әдістері мен мүдделері ұқсас.

"Путин де, ХАМАС та көрші демократиялық елдерді әлем картасынан өшіруге тырысып жатыр. Путин де, ХАМАС та аймаққа тұрақсыздық сеуіп, нәтижесінде пайда болған хаостан пайда көргісі келеді" деді Байден. Ол Америка "бұған жол бермейді" деді.

АҚШ президентінің пікірінше, әлем алдағы ондаған жылдардың болашағын анықтайтын бетбұрыс кезеңіне таяды. Байден Путин мен ХАМАС туындатқан қиындықтарға қарсы тұру қажеттігін айтып, олардың жоспарының жүзеге асуына жол бермеу керек деді.

Мақаланың бір бөлігі Украинадағы соғысқа арналған. Байденнің пікірінше, Украинаны қолдау – бұл АҚШ ұлттық қауіпсіздігіне салынған инвестиция, себебі ол Еуропадағы соғыстың ушығуының алдын алады. Байден сонымен бірге НАТО аясында әріптестікті нығайтуды атап өтті.

Мақаланың басым бөлігі Таяу Шығыстағы соғысқа арналған. Байденнің сөзінше, АҚШ 7 қазан күнгі ХАМАС шабуылынан кейінгі Израильдің өзін-өзі қорғау әрекетін қолдайды. Ол ХАМАС шабуылын "Холокосттан кейінгі еврей халқына жасалған ірі зұлымдық" деп атады. Десе де, Байден палестиндіктердің өз мемлекеті болуға құқығы бар деп атап өтіп, Газа секторында бейбіт палестиндіктердің (арасында балалар да бар – Д.Б) қазасына қатты қайғыратынын да жазды. Ол ХАМАС-ты бейбіт тұрғындарды қорған ретінде пайдаланып отыр деп айыптады.

АҚШ президентінің сөзінше, қазіргі мақсат - Таяу Шығыста бейбітшілік орнайтындай қақтығысты шешу. Байденнің пікірінше, бейбіт болашақта ХАМАС-қа орын болмауға тиіс, алайда тәуелсіз Палестина мемлекеті құрылуы қажет.

АҚШ президенті Газа секторы палестиналықтардың бақылауында қалуға тиіс және Иорданның Батыс жағалауын бір құрылым – бәлкім, "қайта жанданған" Палестина автономиясы басқаруы тиіс шығар деді. Байден сонымен бірге Батыс жағалауда өзінің пікірінше, палестиндіктерге күш көрсетуге атсалысқан Израиль тұлғаларына санкция саламыз деп сес көрсетті.

Байден АҚШ-тағы антисемитизм көрінісін айыптап, жеккөрушіліктің кез келген түрімен күресуге шақырды. Байден сөзінің соңында күндердің күнінде "ірі қайғы" аяқталып, әлем бұдан да қауіпсіз әрі еркін болады деген ойдан үміт үзбеуге үндеді.

Байден әкімшілігі Конгресті Израиль мен Украинаға көмек бөлуге шақырып, Газа секторына гуманитарлық көмек жіберу қажеттігін де атап өткен. Конгрестегі қайшылықарға байланысты мұндай көмек әлі мақұлданған жоқ.

XS
SM
MD
LG