Мәскеудің мэрі Сергей Собянин жексенбі күні Богород қалалық округында әуе қорғанысы "Мәскеуге жасалған дрондар шабуылына тосқауыл жасағанын" хабарлады. Собянин телеграмда "құлаған бөлшектерден ешкім зардап шекпегенін, ештеңе қирамағанын" айтты. Ресей қорғаныс министрлігі "ұшақ тектес дронның" жойылғанын растады.
Богород қалалық округы Мәскеудің шығысында Мәскеу облысында орналасқан. Орталығы - Ногинск қаласы. Ресей телеграм-арналарында дрондардың бөлшектері туралы сурет-видеолар пайда болды. Ақпаратқа қарағанда, олар Монино ауылы мен Старая Купавна қаласы арасындағы Горьков шоссесіне құлаған. Шоссе біраз уақытқа жабылған, зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.
Ресей билігі мұндай шабуылдарға Украинаны кінәлайды, ал Киев түсініктеме бермейді. Дрон Мәскеудің шығыс жағына қалай келгені түсініксіз. Украина Мәскеудің оңтүстік-батыс жағында.
Ал Украина әуе күштері жексенбіге қараған түні Украинаның әуе кеңістігінде Ресей әскері жіберген 15-20 дрон атып түсірілгенін хабарлады. Киев, Полтова және Черкасск облыстарында әуе қорғаныс жүйесі іске қосылған. Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.
Киев қалалық әкімшілігінің хабарлауынша, Украина астанасы маңында шамамен 10 нысана атып түсірілген. Киев облысында инфрақұрылым нысаны бүлінген. Басқа ақпарат айтылмайды.
ПІКІРЛЕР