Үшінші елдерден пана сұрап келушілердің күрт көбеюіне байланысты Финляндия Ресеймен шекарасын толық жауып тастауы мүмкін. Бұл жөнінде Финляндияның Iltalehti газеті жазды. Шешім бүгін қабылданса, сәрсенбіге қараған түні шекара бекеттері жабылады.
Өткен аптада фин билігі оңтүстік-шығысындағы үш шекара бекетін жапқан. Ресейдің Карелиясы мен Мурманск облысымен шектесетін шығысы мен солтүстік-шығысындағы төрт бақылау-өткізу пункті қалған. Сомали, Сирия, Ирак және өзге де елдердің азаматтары осыдан соң "Вартиус" шекара пунктіне келе бастаған.
Фин билігі босқындардың фин шекарасына қарай ағылуына Ресейдің қатысы бар, босқындар арқылы қысым жасағысы келеді деп санайды.