Accessibility links

Израиль мен ХАМАС қақтығысы басталғалы кемінде 50 журналист қаза тапты


Израильдің оңтүстігіндегі шекараға жақын тұста Газа секторында жарылыс болған сәт. 21 қараша, 2023 жыл
Израильдің оңтүстігіндегі шекараға жақын тұста Газа секторында жарылыс болған сәт. 21 қараша, 2023 жыл

Израильдің АҚШ пен Еуроодақ елдері "террористік ұйым" деп таныған палестиналық ХАМАС тобына қарсы соғысы басталғалы бері кемінде 50 журналист қаза тапқан.

"Журналистерді қорғау комитетінің" хабарлауынша, қаза тапқандардың 45-і палестиналық, төртеуі израильдік және біреуі Ливан тілшісі. Үш журналист хабар-ошарсыз жоғалып кеткен, 11 адам жараланып, 18 адам қамауға алынды.

Қаза тапқан және жараланған журналистердің қай жерде жұмыс істегені туралы толымды ақпарат жоқ.

Ұйым Израиль мен ХАМАС қақтығысы басталғалы журналистерге шабуыл жиілеп, БАҚ-қа қауіп-қатер ұлғая түскенін және цензура күшейгенін айтады.

Бір ай бұрын "Журналистерді қорғау комитеті" 22 тілші қаза тапқанын хабарлаған. Содан кейін бірнеше БАҚ, соның ішінде BBC, Al Jazeera, RT Arabic, Al-Araby TV және тағы басқалары Израиль жағы Газа секторы мен Иордан өзенінің батыс жағалауында хабар таратуға кедергі жасағанын айтып шағымданды. Израильдік және палестиналық журналистер қорғану құралдары жоғын айтты.

Израильдің қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Газа секторында құрлықтағы операциясын жалғастырып жатыр. Операция ХАМАС-тың 7-қазанда Израильге тұтқиылдан жасаған шабуылынан соң басталған. Шабуылдан Израиль тарапынан 1200 адам қаза болған, радикал топ шамамен 240 адамды Газаға алып кеткен, олардың арасында ондаған шетел азаматы бар.

Палестина жағы Израиль әскері бейбіт адамдарды өлтірді деп айыптап отыр. ХАМАС бақылайтын Газа секторының денсаулық сақтау министрлігі 7 қазаннан бері секторда 12 мыңнан астам адам өлгенін, көпшілігі әйелдер мен балалар екенін мәлімдеді. Оны растайтын тәуелсіз ақпараттар жоқ.

Израиль тек ХАМАС нысандарына шабуыл жасағанын, оның ішінде азаматтық құрылыс нысандарына жасырған әскери орындарды атқылағанын алға тартты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG