Accessibility links

Ақ үй "Вагнер" тобы "Хезболлаға" әуе қорғанысы жүйесін бермек болғаны туралы құпия деректі хабарлады


Ресейлік "Панцирь" (оң жақта) артиллериялық зымыран кешені мен С-300 (сол жақта) зениттік зымыран кешені халықаралық әскери жаттығу кезінде. Ресей, Астрахань облысы, 2017 жыл
Ресейлік "Панцирь" (оң жақта) артиллериялық зымыран кешені мен С-300 (сол жақта) зениттік зымыран кешені халықаралық әскери жаттығу кезінде. Ресей, Астрахань облысы, 2017 жыл

Сейсенбіде Ақ үй жақында құпиясы ашылған барлау деректерін таратты. Ол деректер ресейлік "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясы Ливанның "Хезболла" тобына немесе онымен байланысы бар Иранға әуе шабуылын тойтаруға қолданылатын қару беруге дайындалып жатқанын растайды.

Бұл ақпаратты АҚШ ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Джон Кирбиге сілтеген CNN хабарлады. Кирбидің сөзінше, "Вагнер" қару-жарақты Ресей үкіметінің нұсқауымен бермек болған. Мәскеу бұл ақпаратқа әзірге ешқандай пікір айтқан жоқ.

Әуе қорғанысы жүйесін қай жақтан жеткізбек болғаны белгісіз, жария болған ақпаратта ол туралы айтылмаған. Өткен айда америкалық телеарна "Вагнер" тобына Сирия аумағынан "Панцирь С-1" зениттік зымыран жүйесін "Хезболлаға" жеткізу тапсырылғанын және бұған Сирия президенті Башар Асад келісім бергенін хабарлаған.

"Вагнер" тобы "Хезболла" немесе Иранға әскери техника бере ме, оны жіті бақылайтын боламыз. Терроризмге қарсы күресте біз мұндай құралдарды тасымалдауға қатысы бар ресейлік жеке және заңды тұлғаларға санкция салуға дайынбыз" деген Джон Кирбидің сөзін келтірді CNN.

"Хезболла" жаңа қорғаныс жүйесін алады деген ақпарат Израиль мен ХАМАС арасындағы соғыстан Израильдің солтүстік шекарасындағы Ливанмен "екінші майдан" басталып кетуі мүмкін деген қауіптен пайда болды. Палестиналық ХАМАС тобын АҚШ пен Еуроодақ елдері "террористік ұйым" деп таныған, ал "Хезболла" палестиналық топты қолдайды.

АҚШ 7 қазандағы ХАМАС радикал тобының Израильге тұтқиылдан шабуылынан соң күрт шиеленіскен қарулы қақтығысқа араласудың салдары болатыны жөнінде "Хезболла" мен басқа да ираншыл топтарға бірнеше рет ескерткен.

Евгений Пригожин құрған "Вагнер" жеке әскери тобы бейресми түрде Кремль атынан Сириядағы, Африкадағы қақтығыстарға, кейін Украинадағы соғысқа қатысты. Украинадағы соғыста "Вагнер" Бахмут үшін шайқасты. 23 тамызда Ресейдің Тверь облысында Embraer бизнес-джеті құлады. Ондағы жолаушылар арасында Евгений Пригожин болғаны айтылды. Ресей тергеу комитеті Пригожиннің ұшақ апатынан өлгенін растаған. Ұшақ апатынан екі ай бұрын Пригожин бастаған "Вагнер" жалдамалы әскер тобы бүлік шығарып, Мәскеуді бетке алып шығып, кейін орта жолдан қайтқан.

Қарашаның басында Ресей мемлекеттік думасының қорғаныс жөніндегі комитетінің төрағасы Андрей Картаполов "Парламент газетіне" берген сұхбатында "Вагнер" тобы тарағанын мәлімдеді. "Жауынгерлердің көбі басқа құрылымдарға ауысып жатыр. Кейбірі Африка елдерінде тапсырманы орындауды жалғастырып жүр, бірақ басқа брендпен және қорғаныс министрлігінің қамқорлығымен, ал басқасы қарулы күштермен келісімшартқа отырды немесе Росгвардия құрамына кірді" деді Картаполов.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG