Accessibility links

Израиль мен ХАМАС қақтығысты тоқтата тұруға келісті


Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху

22 қараша күні таңертең Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Газа секторындағы қақтығыс кем дегенде төрт күнге тоқтата тұрады деп хабарлады. Палестиналық ХАМАС тобы кепілде ұстап отырған 50 адамды босатуға уәде берген. АҚШ пен Еуроодақ елдері "террористік ұйым" деп таныған ХАМАС 7 қазанда Израиль аумағына тұтқиылдан шабуыл жасаған кезде 200-ден астам адамды тұтқындап, өздерімен бірге алып кеткен.

Израиль үкіметі ұзаққа созылған аса күрделі талқыдан кейін сәрсенбіге қараған түні ХАМАС-пен мәміленің шартын бекіткен. Әрқайсысы жеке-жеке дауыс берген министрлердің үшеуі қарсы болды.

Израиль үкіметінің хабарламасында ХАМАС тобы кепілге алған адамдардың бәрін қайтару жөнінде айтылған: "Бұл мақсатқа жету үшін үкімет бірінші кезең жоспарын мақұлдады, оның аясында кепілге алынған кем дегенде 50 әйел мен бала төрт күн ішінде босатылады. Осы уақыт аралығында қақтығыс тоқтайды".

Израиль премьер-министрінің мәлімдеуінше, келесі кезеңде кепілдегі 10 адамды босату үшін қақтығысты тоқтату уақыты бір күнге созылады.

Израиль мен ХАМАС арасындағы келіссөзге араағайын болған Катар мен ХАМАС тобының өкілдері Нетаньяхудың мәлімдемесіне әлі түсінік берген жоқ. Бейсенбіге дейін қақтығыстың тоқтауы екіталай, өйткені Израиль өкілдерінің айтуынша, Израильдің сот органдары келісімнің заңдылығын қарау керек.

Израиль басшылығындағы дереккөздеріне сүйенген New York Times газеті кепілге алынған 50 адамды босату үшін Израиль де 150 палестиналықты түрмеден босатуға келісті деп жазды.

Қақтығыс тоқтаған жағдайда Израиль әскері Газада қалады, сектордың солтүстігінен кеткен тұрғындардың қайта оралуға мүмкіндігі жоқ.

21 қарашада палестиналық радикал топ жетекшілерінің бірі Исмаил Хания ХАМАС-тың Израильмен бітім туралы келісім мәселесі бойынша прогресс бар деп хабарлаған.

Израиль ХАМАС тобының 7 қазанда тұтқиылдан жасаған шабуылынан 1200 адам қаза тауып, 240 адам кепілге алынғанын айтады. ХАМАС бақылауындағы Газаның денсаулық сақтау министрлігі Израиль операциясы басталғалы бері секторда 13 мыңға жуық адам өлді, көпшілігі әйелдер мен балалар дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG