Accessibility links

Ақтауда 15 күнге қамалған кәсіподақ белсендісі Әмин Елеусінов бостандыққа шықты


Тәуелсіз кәсіподақ лидері Әмин Елеусінов. 2017 жыл.
Тәуелсіз кәсіподақ лидері Әмин Елеусінов. 2017 жыл.

"Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген айыппен 15 тәулікке қамалған тәуелсіз кәсіподақ лидері және бұған дейін "саяси тұтқын" деп танылған белсенді Әмин Елеусінов бостандыққа шықты. Бұл туралы 22 қарашада Азаттыққа мұнайшы Естай Қарашаев хабарлады.

Бүгін, 22 қарашада 62 жасқа толған Әмин Елеусінов қамаудан түске таман босап шықты. Белсенді туған күнін полиция ғимаратының қабырғасында қарсы алды.

Сот қаулысында Елеусіновтің қамау мерзімі 7 қараша сағат 16.30-дан бастап есептелгені көрсетілді.

"Әмин аға бүгін босап шықты. Ахмет аға үйге келіп, кеңседен кілттерді алып, үйіне кетті" деді оның жақтасы.

Әмин Елеусінов қамалған соң, 8 қарашада Жаңаөзенде ондаған белсенді мен мұнайшы Елеусіновті босатуды талап еткен еді. Олар "Елеусіновті босатпаса, заңда көрсетілген барлық мүмкіндікті пайдаланып, әрекет етеміз" деген.

Бұған дейін белсенді Мақсат Таспаев Азаттыққа полиция Әмин Елеусіновті 7 қарашада ұстағанын, бұған Елеусіновтің ОСС компаниясының бұрынғы мұнайшыларымен WhatsApp чатта «жұмыссыздық мәселесін талқылап, үкімет алдында мәселені көтеру үшін жиналуға келіскені» себеп болған. Көп ұзамай Елеусінов ұсталып, сол күні 15 тәулікке қамалды, полицияға жеткізілген басқа мұнайшылар "профилактикалық әңгімеден" соң босатылды.

2022 жылдың қаңтардың басында Жаңаөзен мен Ақтауда сұйылтылған газ бағасының қымбаттауына қарсы өткен бейбіт наразылық кезінде Әмин Елеусінов наразылықтың бейресми жетекшісі ретінде көзге түскен. Ол Қазақстанда сот шешімдерімен жабылған тәуелсіз кәсіподақ ұйымы жетекшілерінің бірі ретінде танымал. 2017 жылдың басында Ақтаудағы Oil Construction Company кәсіподақ кеңсесінде және Қаламқас пен Жетібай газ-мұнай кен орындарында мұнайшылардың ереуілі өтіп, мұнайшылар тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын жоюды доғаруды талап еткен.

Ақтау соты жүздеген адам қатысқан шараны заңсыз акция деп атап, оны тоқтатуды бұйырды. Наразылық акциясынан кейін 63 мұнайшы әкімшілік және азаматтық жауапкершілікке тартылып, оларға айыппұл салынды, 4 миллион теңге көлемінде шығынды өтеуге міндеттелді.

Наразылық қызған шақта Oil Construction Company мұнайшылар кәсіподақ ұйымының сол кездегі жетекшісі Әмин Елеусінов пен кәсіподақ ұйымының еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаев ұсталған. Кейінірек оларды Астана соты түрмеге кесті. Бақылаушылар істің саяси астары барын айтқан. Әмин Елеусінов пен Нұрбек Құшақбаевты қазақстандық құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған (Қазақстан билігі елде саяси тұтқындар бар екенін жоққа шығарады). 2018 жылы екеуі де шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды.

  • 2022 жылы қаңтарда Жаңаөзенде сұйылтылған газ бағасының қымбаттауына қарсы наразылық басталып, артынша жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Қаңтар оқиғасы кезінде кемі 238 адам қаза тапты.
  • 2011 жылғы 16 желтоқсанда Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында полиция бірнеше ай бойы ереуілдеп тұрған мұнайшыларға қарсы оқ жаудырып, күшпен таратқан. Кейін ресми дерек бойынша, 17 адамның қаза болып, 100-ден астам адамның жараланғаны анықталды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG