Атырау қаласының әкімшілік мамандандырылған соты 27 қазанда облыс әкімдігіне барып, әлеуметтік талаптар қойған төрт әйелге –Нұргүл Сұлтанова, Алтын Рахимова, Албина Ермекова, Нұргүл Аймағамбетоваға – "бейбіт митинг өткізу тәртібін бұзды" деп ескерту жасады.
27 қазанда 30-ға жуық әйел облыс әкімдігінің алдына "Үй мәселесі шешілсін!", "Барлық балаға бірдей жәрдемақы!" деп жазылған плакаттармен шығып, билікке талап қойған еді. Кейін облыстық ішкі саясат басқармасы төрт әйелдің үстінен арыз түсірген.
Сот материалдарында әйелдер тағылған айыпты мойындағаны жазылған. Соттың хабарлауынша, шешім шығарарда "әйелдердің айыпты мойындауы, отбасылық жағдайы және әкімшілік құқық бұзушылықты бірінші рет жасағаны" ескерілген.
Азаттық тілшісі хабарласқан аналардың бірі сот шешімімен келісетінін, сұхбат бермейтінін айтты.
Атыраулық әйелдер 27 қазанда наразылықты әкімдік маңындағы жағалаудан бастап, сол жерден әкімдікке дейін талаптарын айқайлап айтып, шерулетіп барған. Арасында көп балалы әйелдер, мүгедек бала тәрбиелеп отырған әйелдер бар топ әкімдік ішінде облыс әкімінің шығуын да талап еткен еді. Бірақ әкім шыққан жоқ.
Наразы әйелдер кедейшілік пен тұрмыс тауқіметінен қажығандықтарын айтып, баспана мәселесін шешіп беруді талап етті. Жәрдемақы өсіруді, азық-түлікті арзан бағамен сатуды да айтқан.
Атырауда аналар наразылық білдіріп шыққан екі күн бұрын, 25 қазанда Абай облысы Аягөз қаласында жеке үйлердің бірінен өрт шығып, төрт бала көз жұмған. Атырауда наразы әйелдер Аягөздегі қайғылы оқиғаны еске алып, ондай трагедиялардың қайталануына мемлекет жол бермеуге тиіс деген еді
Олар Астананың "Көктал-1" ауылында 2019 жылы ақпанда көмірмен жылитын үй өртеніп, кішкентай бес қыз қаза болған қайғылы оқиғаны да еске алған. Астанадағы бұл қайғылы оқиға елде көп балалы аналардың наразылығын туғызды. Олар үкіметтен баспанаға зәру отбасыларды үймен қамтамасыз етуді, әлеуметтік қолдауды күшейтуді, жеңілдік қарастыруды талап еткен еді. Осыдан соң билік көп балалы аналардың кей талаптарын орындаған. Бірақ кейін билікте көп балалы аналардың талабына қарата «масылдық» деген сындар айтылған еді.
ПІКІРЛЕР