Accessibility links

Үкімет мүшелері Қазақстан ҰҚШҰ-дан да, ЕЭО-дан да шықпайтынын айтты


Ұлттық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше елдердің президенттерінің 2022 жылғы жиыны.
Ұлттық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше елдердің президенттерінің 2022 жылғы жиыны.

Қазақстан сауда министрі және елдің сыртқы істер министрінің орынбасары Азаттыққа Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік шарт ұйымынан және Еуразиялық экономикалық одағынан шықпайтынын айтты.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Омаров "ҰҚШҰ Қазақстанның мүддесіне жұмыс істейтінін", Астана "ҰҚШҰ құрамында өзгеріс енгізуді қарастырмайтынын" мәлімдеді.

- Сыртта болғаннан гөрі іште жақсы. Қазақстанның [ҰҚШҰ-дан шығу бойынша] жоспары жоқ. Бұл ұйымды құрудың бастауында біз де тұрдық. Ол біздің мүдделерімізге жұмыс істейді деп санаймыз. ҰҚШҰ шеңберіндегі барлық шешім консенсус принципі негізінде қабылданады, - деді Омаров парламент кулуарында.

Ал сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Азаттық тілшісіне Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақтан (ЕАЭ) шығуына "негіз жоқ" деді.

- Одақтан шығу туралы ресми инициатива болмады. [Одақтан шығу] туралы сарапшылар көп айтып жатыр. Бірақ бізде ешқайдан шықпаймыз. Бұл – біздің ресми позициямыз. Одақтан шығуға ешқандай экономикалық, саяси жағынан себеп жоқ, - дейді министр.

2014 жылы құрылған Еуразиялық экономикалық одаққа Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Армения мүше. Сарапшылар бұл одақта Ресей ықпалы көп екенін, Мәскеу бұған көбіне саяси одақ деп қарайтынын айтады. Қазақстан қоғамында Қазақстан бұл одақтан шығуы керек деген пікір жиі көтеріледі.

Ал Ресей, Қазақстан, Армения, Қырғызстан, Беларусь, Тәжікстан мүше ҰҚШҰ кейінгі жылдары жиі сынға ұшырап жатыр. 2022 жылы Қазақстанда Қаңтар оқиғасы болған кезде Тоқаев елге "шетелде дайындықтан өткен мыңдаған террорист шабуылдады" деп мәлімдеп (әлі күнге дейін дәлел көрсеткен жоқ), ҰҚШҰ-дан көмек сұраған. Кейбір бақылаушылар ҰҚШҰ әскерінің Қазақстанға кіруі "билікке талас кезінде" шешуші рөл атқарғанын айтып, Тоқаевқа қызметін сақтап қалуға мүмкіндік берді деген.

Армения премьер-министрі Никол Пашинян Таулы Қарабақта қақтығыс жалғасып жатқан кезде кейінгі оқиғалар "ұйымның тиімсіздігін көрсетті" деп мәлімдеген. Пашинян "қауіпсіздік саласында Мәскеуге толық тәуелділік стратегиялық қателік болғанын" және Ереван қазір саясатын әртараптандыруға тырысып жатқанын айтқан. 15 қараша Армения ҰҚШҰ саммитіне қатыспайтыны белгілі болды.

Былтыр қазанда Бішкек ҰҚШҰ жаттығуын өз аумағында өткізуге қарсы болған. Бақылаушылар мұны ҰҚШҰ-ның өзге мүшесі Тәжікстанмен шекарада болған қақтығыспен байланыстырған. Қақтығыс кезінде екі жақтан ондаған адам қаза болған. Қырғызстанда ҰҚШҰ қырғыз-тәжік қақтығысы кезінде ешқандай шара қабылдамағаны сыналған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG