Accessibility links

Астанада алты белсенді әкімшілік қамауға алынды


Астанада кемінде алты белсенді 15-20 күн аралығында әкімшілік қамауға алынды. Тағы үш адамға сот шешімі шығуы тиіс. Бұл жөнінде Qaharman құқық қорғау қоры хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, сот шешімімен белсенділер Қанатхан Әмренов, Жәнібек Жүнісов және Нұржан Қажығалиев – 15 тәулікке, Сандуғаш Қантарбаева, Мереке Нұғманов және Марат Мұсабаев 20 тәулікке қамауға алынды. Олардың бәрі "Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген бап бойынша кінәлі деп танылды.

Қамалған белсенділердің бәрі өткен аптада тіркеуден өтпеген оппозициялық "Алға, Қазақстан!" партиясының лидері Марат Жыланбаевтың ісі қаралып жатқан Астанадағы сот ғимаратына барған.

Құқық қорғаушылардың хабарлауынша, Қазақстанның 11 қаласында жергілікті әкімдіктер 25 қарашада Марат Жыланбаевты босатуды талап ететін бейбіт жиын өткізуге рұқсат бермеген.

Өткен аптада прокурор соттан Марат Жыланбаевты 10 жылға еркінен айыруды өтінген.

1 қарашада Жыланбаев сот отырысын жабық өткізу шешіміне наразылық білдіріп, аштық жариялаған. Адвокаты ол денсаулығына байланысты 17 қарашада аштық акциясын тоқтатуға мәжбүр болғанын білдірген. Оның сөзінше, 1 қарашадан бері Жыланбаев 14 келіге арықтаған.
XS
SM
MD
LG