Accessibility links

Финляндия Ресеймен шекарадағы бекеттердің тек біреуін ашық қалдырады


Финляндия мен Ресей арасы.
Финляндия мен Ресей арасы.

Финляндия билігі Ресеймен шекара бекеттерінің барлығын жабуды, тек біреуін қалдыру туралы шешім қабылдады. Бұл жөнінде Финляндия премьер-министрі Петтери Орппо мәлімдеді. Бұл ұсынысты 23 қарашада үкімет бекітуге тиіс.

Шешімге сәйкес, Финляндия мен Ресей арасында тек "Райа-Йоосеппи" өткізу бекеті (Ресей жағынан – "Лотта") жұмыс істейді. Ол Ресейдің Мурманск қаласынан 240 шақырым жерде орналасқан. Қалған бекеттер 25 қарашаға қараған түні кемінде бір айға жабылады.

Хельсинки пікірінше, Ресей билігі мигранттардың Финляндияға өтуіне жағдай жасап отыр. Кремль мұны жоққа шығарады.

Финляндияның Yle медиакорпорациясының хабарлауынша, қараша басталғалы бері Ресейден Финляндияға өткен 500-ден астам адам саяси баспана сұраған. Арасында Сирия, Йемен, Ирак, Сомали және өзге ел азаматтары бар. Демалыс күндері Финляндияның оңтүстік-шығысында шекара бекеттері жабылғаннан кейін "Вартиус" шекара өткелі арқылы Финляндияға саяси пана сұраған 83 адам келген.

  • Ресей мен Финляндия арасында жеңіл көлік және өзге де көлік түрлеріне арналған 8 шекара өткелі бар. 19 қарашаға қараған түні Финляндия билігі Санкт-Петербургке жақын төрт өткелді жапқан. Сол кезде Карелия мен Мурманск облысымен шектесетін төрт кеден өткізу бекеті қалған еді.
  • 2023 жылдың басында Финляндия Ресей жағы үшінші елдерден келетін мигранттарды жіберуге мүдделі болып отыр деген қауіппен Ресеймен шекарасына бөгегіш жабдықтар орната бастаған. Осыған ұқсас көші-қон дағдарысы 2021 жылы да болған. Ол кезде Африка, Таяу Шығыс елдерінен ағылған мигранттар Беларусь арқылы Польша және Еуроодақтың өзге елдеріне өтпек болған.
XS
SM
MD
LG