Түркістан облысы Түлкібас ауданы Састөбе ауылында цемент зауытындағы жарылыстан күйік шалған екінші жұмысшы қайтыс болды. Үшінші адам Сайрам аудандық ауруханасынан Шымкенттегі Орынбаев атындағы жоғары қысымды оттегімен емдеу орталығының жан сақтау бөліміне ауыстырылған.
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жан сақтау бөлімінде жатқан науқастың денесінің 70 пайызын күйік шалған, жағдайы тұрақты ауыр. Қажетті ем жасалып жатыр.
Түркістан облыстық еңбек инспекциясы оқиғаға байланысты тексеруді бастаған. Жарылыс себебін анықтау үшін арнайы сараптама тағайындалған.
Зауыт қызметкерлері Азаттыққа жарылыс болған цех жұмысын уақытша тоқтатқанын хабарлады. Оның қашан жұмысқа қосылатыны белгісіз.
13 қараша күні Састөбе цемент зауытының цехында өрт шығып, жарылыс болған. Салдарынан 3 жұмысшыны түрлі дәрежеде күйік шалған. Бірі оқиға болған күні есін білмей аудандық ауруханада қайтыс болды.
Полиция оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің «Еңбекті қорғау ережелерін бұзу» бабымен (156-бап) қылмыстық іс қозғаған.
Еңбек инспекциясының мәліметінше, жыл басынан бері Түркістан облысында өндіріс орнында түрлі себеппен 7 адам қаза тапқан.
ПІКІРЛЕР