Accessibility links

Газада атысты доғару мен кепілдіктегі азаматтарды босату бір күнге шегерілді


Газа секторында атысты доғару мен ХАМАС радикал тобының (АҚШ пен ЕО-да "террористік ұйым" деп танылған) кепілде ұстап отырған адамдарды босату мерзімі 24 қарашаға шегерілді. Бұл туралы Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху кеңсесі хабарлады. Мәліметті CNN телеарнасы таратты.
Сәрсенбі күні Израиль үкіметі палестиналық ХАМАС тобымен содырлар кепілде ұстап отырған 50 адамды босатуға келіскен. Оларды босатып жатқан төрт күнде оқ атылмауы тиіс болған. Ресми емес мәлімет бойынша, келісім бейсенбі күні таңертең күшіне енуі керек болған.
Уақытша бітім уақытын шегеру себебі әзірге белгісіз. Израиль шенеуніктері келісімнің кейбір тұстарын нақтылау керек дейді.
BCC телеарнасының Иерусалимдегі тілшісінің хабарлауынша, кейбір дерек бойынша, ХАМАС келісімді мақұлдамаған, тағы біреулер уақытша бітімнің алғашқы күні кепілден босатылатын адамдар тізімін ХАМАС Израильге бермеген дейді.
Times of Israel басылымының хабарлауынша, Израиль азаматтар кепілден босап шықпайынша олар туралы мәліметті жарияламайды.
ХАМАС содырларының Израильге шабуылынан 1200-ден астам адам қаза болды. 240 адам кепілге алынды. ХАМАС бақылауындағы Газаның денсаулық сақтау министрлігі 7 қазаннан бері секторда 14 мыңнан астам адам қаза болды дейді. Деректерді ұрыс жағдайында тексеру мүмкін емес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG