Accessibility links

Израиль мен ХАМАС тұтқын алмасты


АҚШ пен ЕО-да "террористік ұйым" деп танылған ХАМАС радикал тобы 7 қазанда Израильдің оңтүстігіне шабуылдан кейін кепілдікке алған адамдардың бір бөлігін Израиль әскеріне бере бастады.

Бірінші болып Израильге маусымдық жұмыс істеуге келген Таиландтың 12 азаматы босатылды. Ізінше Қызыл Крест ұйымына 13 израильдік тапсырылды.

Кепілдікке алынған адамдарды Газа секторы мен Египет арасындағы Рафах өткізу бекеті арқылы босатып жатыр. Оларды сол жақта Израиль қорғаныс армиясы мен дәрігерлер, психологтар қарсы алады. Ол жақтан босатылған азаматтар Израильдің оңтүстігіндегі Хацерим әскери базасына тікұшақпен жеткізіліп, әрі қарай ауруханаға әкетіледі. Haaretz жазуынша, ол жақта олар отбасыларымен қауышып, кемінде екі тәулік медициналық бақылауда болады.

Өз кезегінде Израиль де жұма күні ХАМАС өкілдеріне Израиль түрмелерінде жазасын өтеген 39 палестиналықты тапсырды. Олар 24 қарашада Иордан өзенінің Батыс жағалауындағы Офер түрмесінен босатылып, Қызыл Крест ұйымының автобусымен Газамен шекараға әкелінді.

24 қарашада басталған Газада атысты тоқтату режимі 28 қараша кешке дейін күшінде болады. Төрт күн ішінде ХАМАС кепілдікте ұстап отырғандардың 50-ін босатады, тұтқында 190 адам қалады. Ал Израиль ХАМАС-қа терроризмге қатысы бар деп түрме жазасына кесілген әйелдер мен кәмелетке толмаған 150 палестиналықты тапсырады.

Катар, Египет және АҚШ-тың араағайындығымен жасалған атысты тоқтату туралы келісім Газа секторына гуманитарлық көмек жеткізуге мүмкіндік беру үшін соғыс қимылдарын тоқтатуды және ХАМАС кепілге алған адамдарды Израиль түрмесіндегі палестиналықтармен айырбастауды көздейді. Төрт күн ішінде Газа секторына гуманитарлық көмек жеткізіледі. Күн сайын Газа секторына 130 мың литр дизель мен гуманитарлық жүк тиелген 200 жүк көлігі жөнелтіледі.

  • 7 қазанда ХАМАС содырларының Израильге шабуылынан 1200-ден астам Израиль азаматы қаза болған, басым бөлігі – бейбіт тұрғындар. ХАМАС шамамен 240 адамды кепілге алған, арасында өзге ел азаматтары да бар. ХАМАС бақылауындағы Газаның денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 7 қазаннан бері Израильдің қарымта шабуылынан 14 мыңнан астам адам қаза болған, басым бөлігі – әйелдер мен балалар. Әзірге, бұл мәліметті растайтын тәуелсіз дереккөз табылмады.
  • Израиль Газада құрлық операциясын бастаған және қазір сектордың солтүстік бөлігін бақылауда ұстап отыр.

XS
SM
MD
LG