Accessibility links

Ақмола облысында сот өндіріс жарақаты туралы шешімнің күшін жойып, "Алтыналмастың" өтінішін орындады


Ақсу ауылы.
Ақсу ауылы.

Ақмола облыстық соты "Алтыналмас" кәсіпорнының жұмысшысы 38 жастағы Зәуірбек Исинмен болған жанжалға қатысты шыққан бірінші инстанциядағы шешімнің күшін жойып, кәсіпорынның өтінішін орындады.

Бұған дейін әкімшілік сот жұмыс орнындағы төбелес кезінде алған жарақатты өндіріспен байланысты деп тұжырымдаған. Сот жұмыс берушіні кінәлі деп таныған.

Ал облыстық сот алқасы "Алтыналмастың" апелляциялық шағымын қанағаттандырды. Сот Исиннің жарақатына өндіріс факторы әсер етпеген және компанияның кінәсі жоқ деп таныды.

Зәуірбек Исин Ақмола облысы Ақсу ауылындағы байыту фабрикасында жұмыс істейді. Ол былтыр күзде жұмысынан кеткен (биыл тамызда сот арқылы жұмысына қайта оралды, алайда қызметі төмендеді – ред.). Исиннің жұмыстан кетуіне 2022 жылы 20 маусымда өндіріс жөніндегі директор Асхат Байботановпен болған төбелес түрткі болған. Төбелестің салдарынан Исиннің бас сүйегі сынып, бетінде ісік пайда болған. Ал Байбатановтың екі жері сырылған.

Бірінші инстанциядағы сот төбелес "фабрика жетекшілерінің еңбек және өндіріс тәртібін тиісті дәрежеде қамтамасыз етпегендіктен туындады" деген шешім шығарды. Ал облыстық сот бұл шешімнің күшін жойды. "Алтыналмас" өкілдері сотта жұмыс орнында болған төбелеске өндіріс факторы әсер еткені дәлелденбеді деп мәлімдеді.

"Бұл жекелеген адамдар арасындағы жанжал, оның салдарын жұмысқа байланысты жарақат ретінде қарастыруға болмайды. Біз, әрине, төбелесті қолдамаймыз, мұндай нәрсе сирек кездеседі" деді "Алтыналмас" өкілі сотта.

Ал жәбірленуші Зәуірбек Исин төбелес "реттелмеген еңбек жанжалы, оның ішінде өндіріс мәселесінен туындады" деп санайды. Зәуірбек облыстық соттың шешімімен келіспейді.

"Өзім есеңгіреп қалдым. Елде әділдікке қол жеткізу өте қиын" деді ол.

Қазір сол оқиғаға қатысты тағы бір қылмыстық іс – жұмысшы Зәуірбек Исиннің "денсаулығына қасақана зиян келтіру" бабы бойынша іс жанданды. Бұған дейін бұл іс бірнеше рет тоқтатылды.

Қазақстанда жұмыс берушіге ыңғайсыз сұрақтар қоятын жұмысшылар жиі қудаланады. Халықаралық кәсіподақ конфедерациясы 2023 жылы Қазақстанды жұмысшылардың әділ сотқа қол жеткізу мүмкіндігі шектелген немесе мүлде жоқ елдер қатарына жатқызған.

XS
SM
MD
LG