Accessibility links

Иранда былтырғы наразылыққа қатысқандардың бірін жасырын дарға асқан


Милад Зохреванд
Милад Зохреванд

Иранда былтырғы үкіметке қарсы наразылыққа қатысқандардың бірі 21 жастағы Милад Зохревандты жасырын дарға асқан. Бұл жөнінде BBC ақпарат агенттігінің Парсы қызметі дереккөзге сүйене отырып хабарлады. Hengaw құқық қорғау тобы да дарға асылғаны жөнінде ақпарат түскенін айтты.

BBC дереккөзінің айтуынша, Зохреванд Иранның батысындағы Хамадан қаласындағы түрмеде 23 қарашада дарға асылған. Оған наразылық кезінде Ислам революциясы сақшылар корпусының барлау қызметінің офицері Әли Назарды өлтірді деген айып тағылған. Милад Зохревандқа адвокат берілмеген. Иран билігі дарға асқаны туралы ақпаратты жарияламады. BBC дереккөзінің хабарлауынша, Милад Зохревандтың мәйіті әзірге отбасына берілмеген.

Hengaw құқық қорғау тобының жазуынша, Милад Зохревандқа жақындарымен соңғы рет кездесуіне де рұқсат етілмеген. Құқық қорғаушылардың айтуынша, Ислам революциясы сақшылар корпусы үкімді тезірек орындатуға мүдделілік танытып асықтырған. Егер Милад Зохревандтың өлімі расталса, ол былтырғы наразылыққа қатысты дарға асылған сегізінші адам болмақ.

  • Былтыр қыркүйекте Тегеранда белсенді Махса Әминиді "хиджабты дұрыс кимегені үшін" әдеп полициясы ұстап, ізінше белсенді жұмбақ жағдайда көз жұмған. Марқұмның туыстары полиция оған күш қолданған дейді.
  • Әминидің өлімінен кейін Иранда жаппай наразылық тұтанды. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, наразылық кезінде 500-ден астам адам қаза болған. Әдеп полициясының жұмысы тоқтатылып, биыл шілдеде хиджаб кию үлгісін тексеру қайта басталған.
  • Iran Human Rights ұйымының мәліметінше, жыл басынан бері Иранда 200-ден астам өлім жазасы үкімі орындалған. Былтыр 582 адам дарға асылған. Дарға асылғандар арасында Махса Әминидің өлімінен кейін азаматтық наразылыққа қатысқандар да бар.

XS
SM
MD
LG