Батыс елдерінің басым бөлігінде террористік ұйым деп танылған ХАМАС қозғалысы 25 қарашада кешке осыған дейін Израильде ұстаған 17 адамды халықаралық Қызыл Крест ұйымына тапсырды. Өз кезегінде Израиль түрлі қылмыс үшін сотталған 39 палестиналықты босатты.
Сенбі күнгі алмасу – төрт күндік атысты тоқтату туралы келісім аясында жүзеге асырылған екінші операция. Сенбі күні ХАМАС босатқан 17 адамның төртеуі – Таиланд азаматы, 13-і – Израиль азаматы. ХАМАС барлығын 7 қазанда Израильге шабуылдаған кезде тұтқындаған.
Дәрігерлердің айтуынша, ХАМАС босатқан азаматтардың басым бөлігі медициналық көмекке зәру емес. Тек 21 жастағы әйелге операция жасалуы тиіс.
"Гаарец" басылымының жазуынша, сенбі күні ХАМАС-қа тапсырылғандардың бірінің аты-жөні белгілі. Бұл 2015 жылы тұтқындалған Исраа Джабис. Иордан өзенінің Батыс жағалауында оны полицей тоқтатқан кезде көлігіндегі газ баллоны жарылған. 31 жастағы палестиналық әйел полицеймен бірге ірі жарақат алған.
Тель-Авив ол Израильге барып, өзін жармақ болды деп айыптаған. Ал араб дереккөздері жарылыс газ баллонындағы ақаудан болған, ол оны үйіне апара жатқан деп жазды.
ХАМАС-тың Израильге шабуылы кезінде шамамен 240 адам кепілге алынған. Олардың бір бөлігі Газа секторында атысты тоқтату режимі кезінде босатылады. Израиль әскері мен ХАМАС арасында арағайындық жасаушы елдер атысты тоқтату режимін ұзаққа созуға тырысып жатқанын айтты.
ПІКІРЛЕР