Accessibility links

Алматыда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы рұқсат етілген митинг өтті


Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы рұқсат етілген митинг. Алматы, 26 қараша 2023
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы рұқсат етілген митинг. Алматы, 26 қараша 2023

26 қарашада Алматыда «Жаңа адамдар» жастар қозғалысы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы «Хайуандар әлеміне жоқ, де» деген митинг өткізді. Қозғалыс жетекшісі Әсел Бәденованың дерегінше, рұқсат етілген жиынға 500-ге жуық адам қатысқан.

Митингке қатысқандардың көбі қозғалыс мүшелері. Митингіге келгендердің кейбірі ақпарат құралдарына шараға қатысу үшін Астанадан келгенін, билет құнын "Жаңа адамдар" ұйымы төлегенін айтты. 30 минутқа созылған митингте ұрандар айтылған жоқ, ешқандай талап қойылмады.

Митинг сахнасына шығып сөйлегеннің бәрі сөз басын Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты мақтаудан бастады.

«Президентіміз заң мен тәртіпті айқын, әрі берік ұстанады. Ол елді басқаруы керек. Біз президентке сенеміз. Өкінішке қарай, Қазақстан қоғамы зорлық-зомбылықпен бетпе-бет келіп отыр. Ескі жолмен өмір сүруге дағдыланған адамдар өзгергісі келмейді, «жоқ» деген сөзді естігісі келмейді. Біз мұнымен күресеміз. Біз әділетті, жаңа Қазақстан құрғымыз келеді. Бәрімізге «жоқ» сөзіне «иә» деп айтатын уақыт келді», деп бастады жүргізуші алғы сөзін.

«Жаңа адамдар» қозғалысының жетекшісі Әсел Бәденованың сөзінше, митинг мақсаты – адамдардың санасын өзгерту, зорлық-зомбылыққа жол бермеу керек екенін түсіндіру.

– Біз әйел құқығы үшін күреспейміз, заңға өзгеріс енгізу керек деп те айтпаймыз. Заңды өзгерткеннен нәтиже жоқ. Адамдар өзгерісті өзінен бастауы керек. Біздің қозғалыс бұл акцияда ешкімге талап қоймайды, ешкімді айыптамайды. Мәсәлеге полицияны да, заң шығарушы органдарды да, мемлекетті де айыптамауымыз керек. Барлық мәселе адамдарда, деді Бәденова Азаттыққа.

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы рұқсат етілген митингте жайылған плакаттар. Плакатта не бейнеленгенін және оның мәнін кейбірі түсіндіріп бере алмады. Алматы, 26 қараша 2023
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы рұқсат етілген митингте жайылған плакаттар. Плакатта не бейнеленгенін және оның мәнін кейбірі түсіндіріп бере алмады. Алматы, 26 қараша 2023

Митингке шоу-бизнес өкілдері де шақырылған. Тележүргізуші Диана Қырықбай мен блогер Нұрлан Батыров көрінді. Бірақ олар көпшілік алдында сөйлемеді.

Митинг кезінде Салтанат Нүкенованың (оның өліміне қатысты істе күйеуі бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев күдікті; тергеу болжамынша, күйеуі Нүкенованы өлімші етіп сабаған болуы мүмкін) ағасы Айтбек Амангелді құқық қорғау органдары, прокуратура мен сот тұрмыста зорлық көрген әйелдерге немқұрайлық танытып, қажет деңгейде қорғамай отыр деп санайды.

– [Әйелдерді қорғайтын] заңды кім жазды? Солар бізге көмек қажет кезде лақтырып кетті. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресті, жаңа заң жазуды, қоғамды бақылауды қолға алу қажет, - деді Айтбек Амангелді сахнада тұрып.

Ол сөз арасында «Не молчи» қоры мен негізін қалаушы, құқық қорғаушы Дина Тәңсәрінің негізсіз қудаланып жатқанын, оларды қаржыландырған адамдарға қысым жасалғанын айтты.

27 жастағы Алматы тұрғыны Сымбат та митингке заңды қатаңдату жөнінде талап қоюға келген. Бірақ «Жаңа адамдар» қозғалысы ұйымдастырған жиын ойынан шықпаған.

– Митингіде сөйлеген барлық адамды мұқият тыңдадым. Салтанат Нүкенованың ағасынан басқа ешкім заң туралы, заңды қатаңдату туралы айтпады. Бала-шағаны басынан тәрбиелеу керек, бәріміз дұрыс адам болуымыз керек деп жатыр. Бірақ бұл мәселенің шешімі тәрбиеде емес қой. Әйел ұруды қылмыс санау керек. Бірақ «жаңа адамдар» оны айтпады. Олар биліктің, жоғарыдан келген тапсырмасын орындаған сияқты. Олар маған билікшіл көрінді. Ондай адамдар өз пікірі жоқ, өз ойын сатқан боп саналады, - деді Сымбат Азаттыққа.

«Жаңа адамдар» қозғалысының жетекшісі ұйымды «билік қаржыландырады» деген пікірді жоққа шығарды. Бірақ қозғалыс белсендісі қозғалысты «билікшіл, әрі президент Тоқаевты қолдайтын» бизнесмен қаржыландыратынын мойындады.

Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенованың қазасынан соң әлеуметтік желіде зорлық-зомбылыққа қарсы "Заңды өзгерт, жазаны қатаңдат" деген ұранмен флешмоб басталды. Желі қолданушылары үкіметтен тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы шараларды, заңды қатаңдатуды, жазаны күшейтуді, отбасындағы зорлыққа қылмыстық статус беруді, әлеуметтік қызметтердің қолдау көрсетуін қамтамасыз етуді талап етіп, билікті тез арада шара қабылдауға шақырды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG