Түркия бір жыл ішінде қос мақсатта пайдаланылатын тауар экспортын үш есе ұлғайтқан. Вашингтон мұндай тауарларды Ресей әскери өнеркәсібіне пайдалануы мүмкін деп санайды. Әңгіме Батыстың Мәскеуге салған санкцияларын айналып өту туралы секілді деп жазады Financial Times (FT).
FT мақаласында "Түркия 2023 жылдың алғашқы тоғыз айында жалпы сомасы 158 миллион долларға тең осындай тауар экспорттаған" деп көрсеткен. Оның ішінде санкцияға ілінген микрочиптер, коммуникациялық құрал-жабдықтар, атыс қаруына арналған оптикалық көздегіштер бар.
Түркия кеденінің статистикасына қарағанда бұл тауарлар Әзербайжан, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанға жіберілген. Алайда аталған елдердің статистикалық мәліметтерінде бұл тауарлар импортының айтарлықтай өскені көрсетілмеген. Бұған қарағанда, тауарлар шын мәніде Ресейге жіберілген болуы мүмкін.
Мысалы, Қазақстанға жеткізілетін қос мақсатта қолданылатын түріктің экспорт тауары 66 миллион долларға өскен. Ал Астананың есебінше тек алты миллион долларға өскен. Осы аптада Анкараға АҚШ қаржы министрінің орынбасары, экспорт шектеулерін бақылайтын Брайан Нельсон бір жылда екінші рет келгелі отыр. Мұны Bloomberg агенттігі де хабарлаған.
Еуропа одағы қос мақсатта қолданылатын тауар жеткізушілерді экспорт бағытын мұқият бақылауға және тауар сомасына тек сақтандыру депозитімен кеплдендіруге міндеттеуді көздеп отыр дейді агентттік. Журналистер мәліметіне қарағанда, мұны Еурокомиссия Ресейге салынатын санкцияның 12-пакетіне қосуы мүмкін.
ПІКІРЛЕР