Accessibility links

Қазақстан қарақалпақ белсендісі Тілеубике Юлдашеваға босқын мәртебесін бермеді


Қарақалпақ белсендісі Тілеубике Юлдашева. Ақтөбе қаласы, 28 қараша 2023 жыл
Қарақалпақ белсендісі Тілеубике Юлдашева. Ақтөбе қаласы, 28 қараша 2023 жыл

Қазақстан билігі қарақалпақ белсендісі Тілеубике Юлдашеваға босқын мәртебесін беруден бас тартты. Азаттыққа бұл жөнінде Ақтөбе облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының алдында тұрған Юлдашеваның өзі айтты.

— Босқын мәртебесін бермеді. Маған тек қалалық сотқа арыздана алатынымды ғана айтты. Енді арыз түсіремін,- деді ол.

Юлдашева өзін Өзбекстанға бермеуді сұрайтынын, Өзбекстанда қорлау мен азаптау күтіп тұрғанын тағы да қайталады. Белсенді үшінші елге кетуге рұқсат сұрағысы келетінін айтты.

Қазақстан билігі былтыр Өзбекстан сұрауымен Қазақстанда ұсталған қарақалпақ диаспорасының бес өкіліне де босқын мәртебесін беруден бас тартып отыр. Бесеуі де бір жыл абақтыда отырды. Экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатқан адамдарды қамау мерзімінің аяқталуына байланысты биыл күзде бесеуі де босатылған.

— Егер қуғындамаса, тыныш өмір сүруге мүмкіндік берсе, өз елімнен ешқашан кетпес едім. Бірақ азаптау, қорлау мен күш көрсету қаупіне байланысты Қазақстаннан пана іздедім. Бүгін маған пана беруден бас тартты. Мені қалай қуғындағанын БҰҰ арнаулы баяндамашылары мен Human Rights Watch секілді құқық қорғау ұйымдары жақсы біледі,- деді Тілеубике Юлдашева.

Құқық қоғашылардың ақпаратына қарағанда, Тілеубике Юлдашева 2020 жылдан бастап Қазақстанда тұрақты тұрған. Ол өзбек билігі қысымға алған қарақалпақ белсенділерінің құқығын қорғаумен айналысады.

Биыл 13 шілдеде Юлдашева Ақтөбедегі уақытша қамау орынан босап шыққан. 2022 жылы 13 қарашада оны Ақтөбе облысындағы "Жайсаң" шекара пунктінен ұстаған. Қазақстан шекарашылары оны Ресей жібермеген, халықаралық іздеуде екенін алға тартқан.

Алматыда қамалып, пана сұраған қарақалпақтың тағы үш белсендісі - Қошқарбай Төремұратов, Жангелді Жақсымбетов, Райса Құдайбергеновалар да биыл қыркүйекте бостандыққа шыққан. Қазан айында Зиуар Мирманбетова еркіндікке жіберілген. Қазақстан олардың бәріне де босқын мәртебесін беруден бас тартқан.

Қарақалпақ белсенділері Қазақстанда ұсталған соң Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйым оларды Өзбекстанға бермеу жөнінде Астанаға үндеу тастаған.
  • 2022 жылы жазда Өзбекстан билігі конституцияға Қарақалпақстан республикасының авономиялығын жою жөнінде өзгеріс енгізбек болғанда соңы Нүкістегі жаппай наразылыққа ұласып, күшпен басылған. Ресми ақпаратқа қарағанда, 21 адам өліп, 243 адам жараланған. Осы қарсылықтан кейін Ташкент райынан қайтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG