Accessibility links

Петропавлда "тәуелсіздік" жариялаған "халық кеңесінің" төрт мүшесі түрмеге кесілді


Петропавл қалалық соты.
Петропавл қалалық соты.

Петропавлда сепаратизм айыбымен айыпталған "халық кеңесінің" мүшелеріне үкім шықты. Бұл туралы жергілікті ақпарат агенттіктері хабарлап жатыр. Төрт айыпталушы жеті жылдан тоғыз жылға дейін сотталған.

19 адамның ішінен "халық кеңесінің" ең белсенді төрт мүшесі деп танылған төрт адам сотқа тартылды. "Кеңесті ұйымдастырушы" деп 40 жастағы автослесарь Вячеслав Зудерман, өзін-өзі жұмыспен қамтушы 40 жастағы Елена Болдырева, 52 жастағы мұғалім Мадина Қапарова, 37 жастағы саудагер Ольга Бережнова танылды. Тергеу Бережнова "кеңес" мүшелеріне куәлік пен символика дайындап, декларациясын оқыды дейді.

"Кеңестің" басқа мүшелері сотта куәгер болды. Сот үкіміне сай, Зудерман тоғыз жылға, Болдырева, Қапарова, Бережнова жеті жылға түрме жазасына кесілді.

Жергілікті басылымдар сот төрт адамды "Қазақстанның конституциялық құрылымын күштеп өзгертуге үгіттеді" және "сепаратизм" айыптарымен кінәлі деп тапқан. Зудерманға заңсыз қару сақтады деген де айып тағылған.

Сотта айыпталушылар тағылған айыпты мойындамай, "қала мәселесін шешіп, адамдарға көмектесу үшін" "жұмысшылардың халық кеңесін құрмақ болғанын" айтқан. Сот үкімі күшіне енген жоқ, тараптардың апелляциялық шағым түсіруге құқығы бар.

Қылмыстық іске биыл 19 наурызда СҚО-дағы колледждегі жиын себеп болған. Айыптау актісінде СҚО-ның жиырмаға жуық тұрғыны "өздерін СССР-дың мұрагері деп жариялап", "Петропавл еңбекшілерінің халықтық кеңесін" құруды жариялағаны жазылған.

Айыптау тарабының мәліметінше, өздерін "еркін халық" деп атаған топ Қазақстанды "корпорация" деп, "қазіргі басқару жүйесіне күмән келтірген" әрі "өз тәуелсіздіктерін жариялаған".

Жиынның видеосы желіде тарап кетіп, қоғамда қызу талқыланған. Әр қалада тұрғындар жиын өткізгендерді "сепаратизм" үшін жауапқа тартуды талап еткен. Мәжіліс депутаттары да бас прокуратураға тексеруді сұраған.

Сараптама "халық кеңесі" қатысушыларының әрекетінен "сепаратизм белгілері анықталды" деген. Наурыз соңында ҰҚК СҚО-дағы департаменті сепаратизм ісі бойынша тергеу бастаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG