Accessibility links

Путин дүниежүзілік орыс соборы жиынында: Русофобия Батыстың идеологиясына айналды


Владимир Путин және патриарх Кирилл
Владимир Путин және патриарх Кирилл
28 қарашада дүниежүзілік орыс халық соборы жиынына видеобайланыспен қатысқан Ресей президенті Владимир Путин Батыс елдері "ұлтаралық немесе аймақаралық жанжал тудыруды көздеп" Ресейдің мәселелеріне сырттан киліксе, Мәскеу мұны агрессия деп бағалайды деп ескертті.

Reuters агенттігі 2024 жылы наурызда өтетін Ресейдегі президент сайлауын атап өтеді. "Медуза" басылымы президент әкімшілігіндегі екі дереккөзге сүйене отырып, Путиннің жаңа президент кампаниясының басты тақырыбы Украинадағы соғыс емес, "сыртқы саясат болады" деп жазған. Кремльдің пікірінше, ресейліктер арасында "ұжымдық Батысты" сынауға сұраныс бар.

Reuters-тің жазуынша, 2022 жылы ақпанда Ресейдің Украинаға басып кіруі Мәскеу мен Батыс арасындағы қарым-қатынасты қатты ушықтырған. Бұл Владимир Путиннің Қытайға қарай бет бұруға түрткі болған.

Мәскеу басқыншылықты алғашында Украинаны "денацификациялау" мен "демилитаризациялау қажеттілігімен" байланыстарса, ізінше Путин соғыс туралы нарративін өзгертіп, оны Батыспен экзистенциалдық шайқас деп көрсете бастады.

28 қарашада дүниежүзілік орыс соборы жиынында Владимир Путин русофобия "батыстың басқарушы элитасының іс жүзінде ресми идеологиясына айналды" деді. "Ресей халықтар түрмесіне айналды, ал орыстар – құлдыққа жегілген халық..." деген тәрізді баяғы әніне басты. Шын мәнінде олардың діттегені не? Шын мәнінде олар Ресейді бөлшектеп, тоз-тозын шығарғысы келеді" деді Путин.
  • Ресейде президент сайлауы 2024 жылы наурызда өтеді. Алайда нақты мерзімі әлі белгіленбеді. Оның мерзімін желтоқсан ортасында Ресей парламентінің жоғарғы палатасы бекітеді.
  • Владимир Путин Ресейді 2000 жылдан бері (2008–2012 жылдары үзіліс болды) басқарып келеді. 2020 жылы қабылданған Конституция оған тағы екі мерзімге сайлануына мүмкіндік береді. Әзірге Путин сайлауға түсетінін жариялаған жоқ, алайда оның айналасындағылар оның сайлауға түсетіндігіне күмәнданбайды.
  • Батыс елдері Ресейді тұрақсыздандыруға тырысты деген айыпты жоққа шығарады. 2014 жылдан бері Украинаның егемендігі мен территориялық тұтастығына нұқсан келтіргені үшін Мәскеуге қатаң экономикалық санкциялар салынған.
  • Американың арнайы прокуроры Роберт Мюллердің ірі зерттеуі Ресей 2016 жылы АҚШ-тағы президент сайлауына киліккенін дәлелдеген. АҚШ пен оның одақтастары Ресейді өзге елдердің сайлауына араласты деп айыптайды, бұған қоса арнайы қызметтің көмегімен халықаралық ұйымдарға хакерлік шабуыл жасап, өзге де тұрақсыздық туындататын әрекеттер жасады деп кінілайды. Мәскеу айыптауларды жоққа шығарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG