Accessibility links

АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Генри Киссинджер қайтыс болды


Генри Киссинджер Конгрестегі тыңдауда сөйлеп тұр. 2015 жыл.
Генри Киссинджер Конгрестегі тыңдауда сөйлеп тұр. 2015 жыл.

29 қарашада АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Генри Киссинджер қайтыс болды. Ол 100 жаста болған.

Сарапшылар Киссинджерді екінші дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ тарихындағы ең ықпалды мемлекеттік хатшы ретінде атайды. Ол 1969 жылы президент Ричард Никсонның ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша кеңесшісі болған. 1973 жылы АҚШ мемлекеттік хатшысы болып тағайындалып, екі қызметті қатар атқарған. Никсон отставкаға кеткен соң президент Джеральд Форд әкімшілігі тұсында да АҚШ мемлекеттік департаментіне жетекшілік еткен.

Дәл осы кезеңде АҚШ сыртқы саясатта қырғи-қабақ соғыстың барысын өзгерткен ірі қадамдар жасады. 1971 жылы Киссинджер жүргізген құпия келіссөздер АҚШ пен Қытай арасындағы қарым-қатынастың қалыпқа келуіне ықпал еткен. Президент Ричард Никсонның Пекинге тарихи сапары да сонымен байланысты.

Киссинджер Совет одағымен қарым-қатынасты жақсартуды қолдады. Оның совет билігі өкілдерімен диалогынан кейін АҚШ пен Совет одағы арасында ядролық қаруды бақылау жөнінде алғашқы ірі келісім жасалды.

Генри Киссинджерді өз мақсатына жету үшін бәріне даяр саясаткер деп айыптағандар да болды. Атап айтқанда, ол Никсон әкімшілігінде 1973 жылы Чилидегі әскери төңкерісті қолдау туралы бастама көтерген. Оны Вьетнамдағы соғыс кезінде Камбоджа мен Лаосты бомбалауға рұқсат берді деп те кінәлайды.

Үкіметтен кеткеннен кейін Генри Киссинджер барлық-дерлік президенттердің бейресми кеңесшісі ретінде Вашингтондағы ықпалын сақтап қалды. Дональд Трамп та Киссинджерді Пекинмен қарым-қатынас орнатуда пайдаланған.

Вашингтон кейінгі кездерге дейін Генри Киссинджердің пікіріне құлақ асып отырды. Киссинджер Қытаймен қақтығыс қаупі туралы көп айтқан. Ол Ресейді әлсіреген мемлекет" деп атап, дегенмен Ресейді "алдап кетті" санайтын Путинді жете бағаламауға болмайды деген.

Генри Киссинджер Германияда туған. 1938 жылы 15 жасында отбасымен бірге АҚШ-қа қоныс аударған. Әскерден кейін Гарвардқа түсіп, халықаралық қатынас саласын зерттеумен айналысқан. Бірнеше кітаптың авторы. Генри Киссинджер өмірінің соңына дейін бавар акцентімен сөйлеген.

XS
SM
MD
LG