Accessibility links

Бишімбаев енді "аса қатыгездікпен адам өлтіру" күдігімен тергеледі


Бұрыңғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев.
Бұрыңғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев.

Әйелі Салтанат Нүкенованы ұрып өлтірді деген күдікке ілінген экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі енді Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-тармағымен ("Аса қатігездікпен адам өлтіру") тергеліп жатыр. Бұл туралы 30 қарашада мәжіліс кулуарында бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев айтты.

Бұрын бұл іс 99-баптың 1-тармағымен ("Адам өлтіру") тергелетіні айтылған.

Өмірәлиевтің сөзінше, Бишімбаевтың туысы да "қылмысты жасырды", "полицияға хабарламады» деген күдікпен тергеу изоляторына қамалған.

Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-тармағында ("Адам өлтіру") 8-15 жылға дейін жаза қарастырылса, 99-баптың 2-тармағы бойынша ("Аса қатыгездікпен адам өлтіру") 15-20 жылға дейін жаза белгіленуі мүмкін.

9 қарашада Астанадағы ресторандардың бірінде бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова ауыр соққыдан қаза тапқан. 11 қарашада Бишімбаев бұл қазаға күдікті ретінде екі айға қамалған.

Бұл оқиғадан кейін қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі қайта көтеріліп, кінәлілер көп жағдайда жазасыз қалатыны айтылып жатыр. 15 қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер министрлігіне бұл істі "ерекше бақылауда ұстауда" тапсырғанын Ақорда жазды.

2017 жылғы шілдеде "Ұрып-соғу" және "Денсаулығына қасақана жеңіл зақым келтіру" баптары Қылмыстық кодекстен Әкімшілік кодекске ауыстырылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG