Accessibility links

"Мемориал" журналист Алсу Құрмашеваны саяси тұтқын деп таныды


Алсу Құрмашева
Алсу Құрмашева
"Саяси тұтқындарды қолдау. Мемориал" құқық қорғау жобасы Азат Еуропа / Азаттық радиосының Татар-Башқұрт қызметінің журналисі Алсу Құрмашеваны саяси тұтқын деп таныды.

АҚШ және Ресей азаматтығы бар Құрмашева қазан айынан бері Қазан қаласындағы тергеу абақтысында "шетел агенті" заңын бұзды деген айыппен қамауда отыр.

Журналисті "шетел агенті" ретінде тіркеуден өтпеді деп те айыптап жатыр. Бұл Ресейде аталған бап бойынша журналистке қарсы қозғалған бірінші қылмыстық іс.

"Саяси тұтқындарды қолдау. Мемориал" құқық қорғау жобасының жетекшісі Сергей Давидис Idel.Реалии басылымына мұны заңсыз қозғалған іс деп атады.

"Бұл қазір Ресейде болып жатқан авторитарлық, тіптен тоталитарлық көрініс" деді ол.
Аталған бап бойынша, Ресейдің әскери-техникалық қызметі жайлы жария материал жинайтындар әділет министрлігі арқылы "шетел агенті" ретінде тіркелуі қажет.

"Құрмашева журналистік қызметпен айналысқандықтан қуғындалып жатыр. Оған қарсы қозғалған қылмыстық іс – барлық шетелдік БАҚ-та істейтін журналистерге ескерту" деп есептейді "Мемориал".

Құқық қорғаушылар Алсу Құрмашеваны тез арада босатуға шақырады.

Осыған дейін "Шекарасыз тілшілер", "Журналистикадағы әйелдер коалициясы", Ұлттық пресс-клуб, Журналистерді қорғау комитеті және тағы ондаған құқық қорғау ұйымдары АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенге үндеу жолдап, Алсу Құрмашеваны босату әрекетін тездетуге шақырған.

Алсу Құрмашева – АҚШ пен Ресей азаматы. Күйеуі және екі баласымен бірге Чехия астанасы Прага қаласында тұрып келген. Биыл 20 мамырда Ресейге отбасы жағдайына байланысты барған. Ал 2 маусымда Чехияға рейс күтіп отырғанда ұсталған. Әуежай қызметкерлері Құрмашеваның екі паспортын да алып қойған. Кейін журналиске АҚШ азаматы ретінде Ресей органдарына тіркелмеді деп айыппұл салған. Паспорты тәркіленген соң Құрмашева Ресейден шыға алмаған.

Құрмашева – Татарстан мен Башқұрстандағы аз ұлттардың мәселесін көтеріп жүрген тәжірибелі журналист. Ол Ресей билігінің татар тілі мен татар мәдениетіне қысымы, татар тілі мен мәдениетін қорғау үшін жасалған бастамалар туралы көп мақала жазған.

АҚШ, Еуропа одағы, үкіметтік емес ұйымдар журналист Алсу Құрмашеваны қамауға алу туралы сот шешімін айыптады. "Журналистерді қорғау комитеті" Құрмашеваға "жалған айып" тағылғанын айтып, Ресей билігін оны дереу босатуға үндеді. АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Мэтью Миллер баспасөз мәслихатында осы іске қатысты пікір білдіріп, Вашингтонға "елден тыс жерде жүрген АҚШ азаматарының қауіпсіздігінен маңызды басымдық жоқ" деді.

Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясының президенті міндетін атқарушы Джеффри Гедмин "Алсу отбасына оралу үшін дереу босатуға шақырамыз" деді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG